Облыс әкімдігі жанынан құрылған Қоғамдық кеңестің кеңейтілген отырысында жер мәселесі талқыға түсті. Абай атындағы мәдениет үйінде өткен алқалы жиынға облыс әкімі А.Айдарбаев, оның орынбасарлары, облыстық мәслихат хатшысы Б.Жүсіпов, облыстық басқарма басшылары, депутаттар, қалалық және аудандық Қоғамдық кеңестің мүшелері, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, этномәдени бірлестіктер, шаруа қожалықтарының басшылары, әлеуметтік желінің белсенді қолданушылары, жергілікті жұртшылық және БАҚ өкілдері қатысты.
Жиында Жер реформасы жөніндегі республикалық комиссияның мүшесі Д.Сейбағытов жиналғандарды арнайы жұмыс тобының отырысында айтылған ұсыныс-пікірлерден хабардар етті.
– Құрметті, қоғамдық кеңеске қатысушылар! Өздеріңізге белгілі, Қазақстан Республикасы Президентінің Жер заңнамасының жекелеген нормаларын қолдануға мораторий енгізу туралы Жарлығына сәйкес жер реформасы бойынша комиссия құрылған. Үстіміздегі жылдың 14 және 21 мамырында осы комиссияның екі отырысы өтті. Бірі жерді сату, жалға беру дұрыс десе,енді бірі бұрыс десті. Айталық, комиссияға мүше шаруа қожалықтарының иелерінің көпшілігі жерді сатып алуға ниетті. Дәлірек айтқанда, Жер Кодексіндегі өзгерістерді қолдайтындықтарын жеткізді. Ал Үкімет мүшелері жерді экономикалық айналымға шығарудың артықшылықтарын алға тартты. Бірқатар қоғам белсенділері,үкіметтік емес ұйым өкілдері жерді сатуға қарсылықтарын танытты. Комиссияның алғашқы отырысы ел төңірегіндегі түйінді мәселелердің аз еместігін аңғартты. Онда жерді сату не сатпау мәселесі ғана емес, елді толғандыратын ауылшуаршылығының ахуалы, шаруа қожалықтарының талап- тілектері айтылды. Алқалы жиында комиссия төрағасы, ҚР Премьер- Министрінің бірінші орынбасары Б.Сағынтаев жер шетелдіктерге сатылмағанын және сатылмайтынын айтты. Негізгі мақсат – ауылдарда халықпен тілдесу, осы мәселеге байланысты ой- пікірлерін білу, еліміздің экономикалық дамуын, Жер реформасының маңыздылығын түсіндіру арқылы ұсыныстарды жинақтап, республикалық комиссияның қарауына ұсыну, - деді республикалық комиссияның мүшесі Д. Сейбағытов.
Кеңес отырысында баяндама жасаған облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Е.Дүзмағамбетовтың айтуынша, шетелдіктерге жер уақытша да, жекеменшікке де берілмеген. Оның келтірген мәліметтеріне сүйенсек, біздің өңірдегі жалпы жер көлемі 16 млн. 564 мың гектарды құрайды.Оның ішінде ауылшаруашылығы мақсатындағы жер 5 млн. 289 мың гектар болса, босалқы жерлер 9 млн. 552 мың гектар. Яғни, жердің 58 пайызы қазір бос жатыр, 32 пайызы ауылшаруашылығы жерлері, қалған 10 пайызы басқа мақсатта табысталған жерлер. Ауылшаруашылығы мақсатындағы жердің 98,5 пайызы уақытша пайдалануға жалға, 1,5 пайызы жекеменшікке берілген.
2004 жылы жер кезегіне тіркелген Ақтау қаласының тұрғыны Е.Селбаев кәсіпкерлік мақсатта жер ала алмай жүргенін жеткізді.
– Ақтау қаласы бойынша 28 мың 849 га. жер бар. Қаланың жері бас жоспарға сәйкес беріледі. Мәселен, 5 шағынауданында егжей-тегжейлі жоспар жасақталмағандықтан, ескі шағынаудандардан жер беріп жатқан жоқпыз. Аукционға кәсіпкерлік мақсаттағы жерлерді шығарамыз.Сол кезде жерді алуға мүмкіндігіңіз бар, - деді Ақтау қаласының әкімі С.Трұмов.
– Қазіргі таңда Жер Кодексіне енгізілген өзгерістерге байланысты ел арасында түрлі әңгімелер айтылуда. Өкінішке қарай, түсіндірушілер «жер шетелдіктерге сатылмайды» дегеннен әрі аса алмайды. Халықтың кешегі митингіде көтерген мәселесі «жер ешкімге сатылмасын, шетелдіктерге жалға берілмесін» деген талабына кеңінен түсінік берілуі керек. Жерді ұзақ мерзімге жалға беру мәселесінде Америка Құрама Штаттарын, Араб Әмірлігі елдерін мысалға аламыз. Мәселен, 1867 жылы Ресей Америкаға берген Аляскасын мерзімінен асып кетсе де әлі күнге дейін қайтара алмай отыр. Өзге елдердегі осындай жағдайлар қаперімізден шықпауы керек. Менің айтарым, құрылған комиссия халықтың митингіге шығу себебін анықтауға тырысу керек. Жерге қатысты пікірін ашық білдірген, митингіге қатысқан азаматтарды ұстау әрекеттерін тоқтатуымыз керек. Жер- өте күрделі мәселе. Сондықтан ашық, жариялы түрде бүкілхалықтық референдум өткізу керек деп есептеймін. Әкімдік қоғам белсенділерімен бірге халықтың алдына шығып, түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек,-деді «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС қызметкері Қ.Нұржайбайұлы.
Жиында сөз алған «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары М.Жүнбасов облыста құрылатын штаб құрамында ақпараттық-насихаттық топ жұмыс істеу керектігін және шалғайдағы шаруалардың да ұсыныс-пікірлері жинақталу қажеттігін назарға берді.
– Бәрімізді шырылдатып отырған бір-ақ нәрсе, ол– қазақтың жері. Әрбір төбесінде ата-бабаларымыздың сүйегі жатыр, әрбір топырағында қаны төгілді. Не үшін төгілді? Жерді сатсын деп төгілген жоқ. Біздің жеке мәселемізден гөрі елдің, жердің тағдыры маңыздырақ. Көпшілік «жер сатылмасын, жалға берілмесін»,- дейді. Біздің кейбір заңдарымыз бір-біріне қайшы. Елбасы Н.Назарбаевтың: «Халыққа керек емес заң бізге де керек емес. Заң шенеуніктерге ғана шықпайды, халық үшін шығады. Халықтың пікірімен ақылдасыңдар» деген сөзі орынды. Жер шетелдіктерге жалға берілмесін, сатылмасын. Қазақстан азаматтарына жалға берілсін. Жерді жалға алған шаруа одан ешқандай өнім ала алмауы мүмкін. Сондықтан жалға берудің де тетіктерін көбейту керек. Қазақ жер сатып ешқашан да байи алмайды. Мұнай өндіру жөнінен 10-орындамыз. «Қара алтынды», Менделеев кестесіндегі элементтерді бәрін сатып байи алмағанда, жерді сатып кем- кетігімізді түзей алмаймыз. Түсіндіру жұмыстарын жүйелі жүргізу керек. Күшпен, айқаймен ештеңе шешілмейді. Елдің тағдыры таразыға түсіп тұр. Жан -жағымызда жалаңдаған жауларымыз тұр. Досымыз емес, көмектескен болып күліп келіп, ойрандап кететін болса, Тәуелсіздік түгелі тіршіліктің өзіне зар болып қаламыз. Әр нәрсені парасаттылықпен, ақылмен шешу керек,-деді журналист Ж.Қожық.
«Ең әуелі осы жер дауы басталғаннан бері мәселені ушықтырмай шешуге жұмыстанған, үндеу жолдап, әлеуметтік желілерде жерді жалға беруге қарсылығын білдіріп жатқан азаматтарды қудаламай, қайта осы жерге, ашық диалогқа шақырған облыс әкімі А.Айдарбаевқа, жағдайды салмақты түрде, бейбіт келісіммен шешуге жұмыстанған әкімдіктегі жауапты қызметкерлерге, құқық қорғау органдарына алғысымды білдіремін. Басқа өңірлерде тәуелсіз пікір жазғаны үшін азаматтар 10-15 күнге, кейбірі екі айға дейін қамалып жатқанын көріп-біліп отырмыз. Жерге қатысты құрылған комиссияның құрамына облыстан бір адам қосылған. Осы комиссияның құрамына А.Еділхан, С.Адай, С.Нұржан, Ж.Қожық сияқты халықтың пікірін білдіре алатын азаматтарды қосу керек. Шетелдіктерге басымдық беретін ҚР Жер Кодексінің 24- бабының 1-тармағы, 23- бабының 4- тармағы, 26 –баптың 5 -тармағы, 37-баптың 2-тармағы алынып тасталуы тиіс» деген әлеуметтік желі қолданушылары атынан сөз алған У.Ерсайын жер жөніндегі комиссия ұсынысын білдірді.
Ауылшаруашылығы мақсатындағы жер шетел азаматтарына сатылмау және жалға берілмеу керектігін жеткізді. Сондай- ақ жерді ҚР азаматтарына сатпауды және 25 жылға дейін ғана жалға беруді, жалға алу құқығымен ие болған жер учаскелерін шетел азаматтарына субарендаға беруге тыйым салуды ұсыныс етті.
Облыс прокурорының орынбасары Ержан Бердібековтың айтуынша, 21 мамыр күні ешкім қамауға алынбаған. Заңсыз митинг ұйымдастыруға атсалысқан 21 азаматқа түсінік жұмыстары жүргізіліпті. Кеңес мәжілісіне қатысушылар ашық пікір алаңында ойларын ортаға салып, ұсыныс-пікірлерімен бөлісті.
Алқалы жиында сөз алған зейнеткер А.Мәстеков жерді шетелдіктерге жалға беруге қарсы еместігін айтты. Сот саласының ардагері И.Орынбаев ата-бабамыздан мұраға қалған жер сатылмай, Қазақстан азаматтарына ғана игеруге берілу керектігін ескертті. Ақшұқыр ауылының тұрғыны Ө.Аязбаев ел арасында қоғамдық пікір туғызған заңның күшін жою жөнінде ұсыныс тастады. №27 Өмірзақ орта мектебенің мұғалімі Өмірзақ жер мәселесі оң шешімін табатынына сенімділік білдірді. Ақтау қаласының тұрғыны А.Баужанова жерді шетелдіктерге де, қазақстандықтарға да сатуға болмайтынын атап өтті. Мұнайлы ауданының Оңаш есімді тұрғыны жер пайдаланусыз жата берсе, тозуға ұшырайтынын, сондықтан жердің иесі болу керектігін алға тартты. Облыстық «Азаматтық Альянс» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Ж.Ахметова Жер заңнамасы жөнінде халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүйелі жолға қажеттігін және осы шаруаға үкіметтік емес ұйымдар атсалысуға дайын екендігін жеткізді. Өлкетанушы А.Еділхан республикалық комиссия құрамына тағы да екі азаматты қосуды ұсынды.
Жер мәселесі қызу талқыға түскен кеңес отырысында жұртшылықтың пікірі біржақты болмады, түрлі тұжырымдар айтылды. Жер реформасы жөніндегі республикалық комиссияның мүшесі Д.Сейбағытов ұсыныс- пікірлерді жазбаша түрде әкелуді тапсырды.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі А.Айдарбаев қызу пікірталас болғанын, әркім өз ойын бүкпесіз білдіргенін айтты.
– Құрметті қоғамдық кеңеске қатысушылар! Осындай форматтағы кездесу алдағы уақытта да жалғасын тауып, аудан-қалаларда да өткізілуі керек. Біз әрбір ой-пікірді тыңдауға дайынбыз. Елдік мәселе болғандықтан халықтың көкейіндегі ой ашық айтылу керек. Келер күндерде де ашық пікір алмасып, мәселені сіздермен бірге талқылайтын боламыз. Жергілікті жердің мәселесін өзіміз шешуіміз қажет. Бүгін айтылған әртүрлі ұсыныс- пікірлерді орталық комиссияға жеткіземіз, - деді облыс әкімі А.Айдарбаев.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ