©
Маңғыстау облыстық «Нұр Отан» партиясы филиалы жанындағы «Мирас» қоғамдық кеңесінің жуырда өткен кезекті отырысында үш мәселе қаралды.
Біріншісі бойынша «Мәңгілік Ел – патриоттық актісі» тақырыбында кеңес төрағасы А.Еділханов сөз сөйледі.
- Біз, байырғы Қазақ жерінде бір тағдыр және тарихи жады арқылы байланысқан Ұлы дала елінің даңқты тарихы мен дәстүрлерін жалғастырған Қазақстан азаматтары, көптеген ұрпақтың тәуелсіздік туралы арманын іске асырып, болашақ ұрпақ алдындағы қасиетті парызымызды бейбітшілік пен келісімнің, бірлік пен тұтастылықтың маңызын сезініп, қоғам мен мемлекеттің жоғарғы мүдделерін негізге ала отырып, Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейлі жылында осы «Мәңгілік Ел» патриоттық актісін қабылдаймыз, – деп бастаған ол, ел мұраты, ең қымбат құндылықтар туралы ұғымдар мен Тәуелсіздік және Астана, жалпыұлттық бірлік, зайырлы мемлекет және жоғары руханият, тұрақты экономикалық өсім, Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы, ұлттық қауіпсіздік және Қазақстанның жалпыәлемдік пробемаларды шешуге жаһандық тұрғыдан қатысуын көздейтін мызғымас Жеті тұғыр туралы баяндады.
Екінші кезекте қаралған Жер реформасына қатысты мәселенің мемлекетімізде және қоғамда ең өзекті болып тұрғанын айтпасақ та түсінікті. Себебі, қоғамда қызу талқылау тудырып, бірқатар қалаларда халықтың бейбіт митингіге шығуына себеп болған жер мәселесі қай заманда да, қай елде де ең өзекті мәселе болғандығы және солай болып қала беретіні күмәнсіз. Қарыстай жерін жауға бермей қорғаймын деп нешеме ғасырлар бойы елім деп еңіреген ерлері жанын беріп, қанын төккен асыл аманатын арқалаған қазақтар үшін жердің қадірі тіптен бөлек. Сондықтан, мемлекеттік биліктің бастауы және барлық байлықтың иесі деп Атазаңда көрсетілген халықпен алдын ала кеңесіп, қалауын білмей тұрып шешім шығарудың салдары билікке абырой бермейтінін мойындауға тиіспіз.
Үстіміздегі жылдың шілдесінен күшіне енуі тиіс ел азаматтары мен шетелдіктерге жерді сату және ұзақ мерзімге жалға беру мәселесі халықтың қарсылығына тап болған соң, бұл мәселенің шешіміне Президент Назарбаевтың өзі араласып, Жер кодексіне былтыр қарашада енгізілген өзгерістерге қатысты осы жылдың аяғына дейін мораторий жариялады. «Халыққа ұнамайтын заңның керегі жоқ» деді Елбасы. Үкімет басшысының өзі мәселенің мәнісін халыққа дұрыс түсіндіріп, бұқараға жеткізе алмағандығын мойындады. Екі министрдің отставкаға кетуіне де сол кемшілік себеп болды. Ел Президентінің тапсырмасымен Премьер-министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев төрағалық ететін жер реформасы жөніндегі комиссия құрылып, алғашқы отырысын өткізді. Алайда, әзірге жер мәселесіне қатысты туындаған қоғамдағы алаңдаушылық жағдай басыла қойған жоқ. Кейбір қоғамдық белсенділердің жер кодексіне енгізілген өзгертулерге қарсылық білдірген азаматтарға қысым жасауды доғаруды талап етіп отырғаны және Парламент депуттаттарының атына қатты сын айтып жатқандары да құпия емес. Сол себептен де Жер кодексіне енгізілген өзгерістерге қатысты түсіндіру жұмыстарын жүргізуге жер-жерге депутаттар аттанып, кездесулер өткізгенінен хабардармыз. Мәселен, Шетпе аулына барған бір топ Парламент депутаттарының тұрғындармен кездесуі барысында ауылдың абыройлы ақсақалы Итемген Орынбаев сөз сөйлеген. Белгілі сот саласының ардагері жерді шетелдіктерге жалға беру және сатуға қатысты елдің наразылығын жеткізе отырып, халықтың пікірімен санаспастан ондай заңды асығыс қабылдап жіберген депутаттарға кінә артты. Ол кездесуде ашық айтылған сөздердің бейнеүзігі Фейсбук әлеуметтік желісінде жарияланғанын көпшілік желі қолданушылар көріп, тыңдағаны белгілі болды.
Бұл отырыста осы тақырыпқа қатысты әу баста аймағымызға арнайы келген «Нұр Отан» партиясының хатшысы Қаныбек Жұмашев түсініктеме береді деп күтілген екен. Алайда, әкімдіктегі қатар жүріп жатқан шұғыл шараға байланысты хатшы келе алмай, оған тиісті мәселенің мән-жайын облыстық филиал төрағасының орынбасары Мұханбет Жүнбасов түсіндіруге тырысты. Ол қоғамдық резонанс туғызған ҚР Жер кодексіне 2015 жылдың 2 қарашасында енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың түйткілді тұстарын және сонымен байланысты туындаған маңызды деген сұрақтарды слаид арқылы көрсетіп, дәлел-дәйектер келтірді.
«Ешкім де шетелдіктерге жерді сатқалы отырған жоқ. Себебі, оған заңмен тыйым салынған» (24 бап).
Ауылшаруашылық жерлері шетелдіктерге қалай беріледі?
- Жер шетелдіктерге тек қана жалға және міндетті түрде конкурс арқылы беріледі.
- Үкіметпен шетелдік бір азаматқа облыстардың әрбір ауданы бойынша берілетін жердің шекті көлемі бекітілген. Мысалы: Ақмола облысының Шортанды ауданында – 1000 га, Маңғыстау облысының аудандарында – 3000 га.
- Мемлекет конкурстың өтісін және жерді пайдалану талаптарының орындалысын жүйелі түрде қатаң бақылауға алады. Егер, шетелдіктер талапты орындамайтын болса, шарттар бұзылып жер кейін қайтарып алынады.
Заңға өзгерту енгізуге не негіз болды?
Қазақстанның көптеген ауылшаруашылық жерлерінің тиімді пайдаланылмауы; Ауыл шаруашылығына инвестицияның жетіспеушілігі; Ауылда инфрақұрылым жетілмеген, а/ш өнімдерін өндеу және сақтау орындары және кадрлар жетіспейді; Ауылшаруашылық техникалары ескірген; Шетелдіктерге жерді жалға беру арқылы агроөндірістегі агротехнологияны жетілдіруге а/ш техникалары мен тұқымдық және тыңайтқыш материалдармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді; Шетелдік компаниялар салық төлеп қазақстандықтар үшін жаңа жұмыс орындарын ашады, ауылдың инфрақұрылымын жетілдіреді; Қазақстан азық – түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етеді;
Қазақстанда шетелдік жұмыс қолын пайдалануға жыл сайын квота белгіленеді, және олардың жоғары біліктілігі талап етіледі. 2016 жылға 63 мың адамға квота берілген. Ол қазақстандық жұмысшылардың 0,7 % құрайды. Шетелдіктер 1 жылға ғана келіп кейін Қазақстаннан шығып кетуге тиіс. Келушілердің саны сол кәсіпорынның жұмысшыларының 10%-нан аспауы тиіс.
2012 – 2014 жылы а/ш жерлерін инвентаризациялау қорытындысында пайдаланылмай жатырған жалпы көлемі 7,4 млн га 19,2 мың жер учаскесі анықталды;
Сондықтан да «100 қадам Ұлттық жоспарының» 35-қадамында а/ш жерлерін жекеменшікке беру жолдарын қарастыру арқылы жерді тиімді әрі ұқыпты пайдалану шараларын алу көзделген.
Ауылшаруашылық мақсатындағы жерлердің пайдаланылуы Жер кодексіне сәйкес 2003 жылдан бері яғни 13 жыл бойы Қазақстан азаматтарына жерді сату, ал шетелдіктерге жалға беру құқығы бар бола тұрса да, оны азаматтар өз дәрежесінде пайдаланған жоқ.
Бүгінгі таңда 99,5 млн га жер жалға берілген. Оның 1,3 млн га ғана жекеменшікте. Соның ішінде жайылымдық жерлер 68,4 млн га. Барлық жалға берілген 99,5 млн га жердің 65 мың гектары немесе 0,06% шетелдіктердің иелігінде. Қалғаны қазақстандықтар мен қазақстандық компанияларға жалға берілген.
Әрбір жер учаскесінің нақты бағасында ол жердің базалық құны ескеріледі. Базалық құнға жер учаскесінің сапалық жағдайына, оның орналасқан жеріне, сумен қамтамасыз етілуіне, орталықтан қашықтығына және басқа да жағдайларға байланысты түзету коэфициенті қолданылады. Жер учаскесінің соңғы сатылу бағасын аукцион шешеді. Маңғыстау облысында 1 га жерді аукционда сатудың бастапқы бағасы 1500 – 1600 теңгеге бағаланған.
ҚР бойынша ауыл шаруашылығы мақсатындағы барлық жер көлемі 222,5 млн га. Уақытша пайдалануға және жекеменшікке берілгені 100,8 млн га. Маңғыстау облысы бойынша ауыл шаруашылық мақсатындағы барлық жер көлемі 14,8 млн га. Уақытша пайдалануға және жекеменшікке берілгені 5,3 млн га.
ҚР үкіметінің қаулысына сәйкес бір адамға жекеменшікке сатылатын жердің шекті көлемі 4 мың га болса, Үкіметтік емес заңды тұлғаларға берілетін жердің көлемі 100 мың га.
Отырыста осы мәселеге қатысты ойлары мен пікірлерін ортаға салған Қойлыбай Қаражанов, Қолғанат Нұржабайұлы, Айтуар Өтегенов, Маңдайлы Қосымбай мәселені оңды шешуге қатысты өз ұсыныстарын да жеткізді.
Мәселен, А.Өтегеновтің пікірінше, Қазақстанның әрбір азаматына жеке шаруашылығын жүргізу үшін белгілі бір көлемдегі жер тегін берілуі керек және ол сол жерге мал баға ма, егін еге ме, әйтеуір, тиімді пайдалануы тиіс. Егер, белгіленген мерзімде жерді пайдалана алмаса, ол жер мемлекетке қайтарылуы керек. Жерді жалға алушы немесе сатып алушы ол жерді жеке немесе серіктестерімен бірігіп те игере алады.
Ал М. Қосымбай жерді бірнеше жер иеленушінің бірігіп, қауымдасып немесе кооператив болып игеруіне жағдай жасалса және осы салада жетістіктердің жемісін көріп отырған озық елдердің тәжірибесі қолданылса деген ойын айтты. Осы оймен сабақтас пікір білдірген Қ.Қаражанов бұрынғы кеңестік кезеңдегі сияқты ортақ техника мен құрал жабдықтарды жерді игеруге тиімді пайдалану, жеке шаруашылықтарды ірілендіру арқылы істі ілгері бастыру жайына тоқталды.
Жерге, басқа да дұрыс шешімін таппай отырған әлеуметтік мәселелерге қатысты бірнеше өткір сұрақтарын алға тартқан Қолғанат Нұржаубайұлы шетелдіктерге жерді ұзақ мерзімге жалға беруге және сатуға мүлдем болмайды дей келе, халықтың бейбіт митингіге шығуына сыртқы күштердің ықпалы тигені рас болса, онда тиісті органдар анықтап, нақтылы айтып көрсетуі тиіс деген ойын жеткізді. Сондай-ақ ол жерге қатысты қоғаммен ашық диалог орнату, көпшілік пікірін ескеру, халықтың қалауымен санасу – еліміздегі мақсат етілген еркін демократиялық қоғам құруға, тұрақтылыққа, қауіпсіздікке кепіл болатынын айтты.
Кеңес мүшелері халықты қатты толғандырып отырған жер реформасына қатысты көптің көңілінде күдік-күмән тудырған біраз мәселелерді ашық айтып, талқылап, ұсыныс-пікірлерін арнайы құрылған комиссияның қарауына жолдау жөнінде ұйғарымға келді.
Қоғамдық кеңесте соңғы қаралған мәселе ретінде «Нұр Отан» партиясының қолдауымен шыққан «Герои Великой Победы – казахстанцы» кітабы таныстырылды. Кітапта жерлестеріміз, Кеңес Одағының Батырлары Мәди Бегенов, Біләл Қалиев, Жұмағали Қалдығараев жөнінде деректер келтірілген. Осы Батырлардың өмір тарихын зерттеп көптеген мақалалар жазған Е.Іңірбай өзі жинаған деректерді әңгімеледі. Кітапты таныстырған партия ардагері Е.Іңірбай жерлесіміз Исатай Сүйеубаевтың Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылып, кеңестік кезеңдегі іштарлық салдарынан берілмегендігін айтты. Осы кітапта ол атақ ала алмағандар тізімінде аталған. Бірақ қазақ елі үшін Исатай Сүйеубаев ерге тән ерлік жасаған қас Батырдың нақ өзі!