Кеңестің кеңейтілген отырысына қалалық және аудандық қоғамдық кеңестің, ақсақалдар кеңесінің мүшелері мен өкілдері, үкіметтік емес секторлардың өкілдері, Маңғыстау облысындағы Қазақстан Халқы Ассамблеясының мүшелері, әлеуметтік желінің белсенді қолданушылары, жастар, сонымен қатар, Отыншы Көшбайұлы, Алпысбай Мәстеков, Мұхтар Үмбетов, Рысты Ерғалиева, Табылды Әміров, Роза Махамбетова, Жәнібек Қожық, Берік Дәуенов, Уайс Ерсайынұлы қатысты.
Отырысқа қатысушылар қоғамда ауқымды резонанс тудырған Жер реформасына және қазіргі жағдайға байланысты мәселелерді талқылады.
Өздеріңіз білетіндей, 14 мамыр күні бүкіл тиісті органдардың және қоғамдық ұйымдардың қатысуымен Республикалық комиссияның алғашқы отырысы өткен болатын. Маңғыстау облысынан комиссия құрамына Даржок Сейбағытов енгізілді.
- Жер реформасының барлық қыр-сырларын жан-жақты талқылау үшін республикалық комиссия 4 топқа бөлінді. Реформаның мақсаты – ауыл шаруашылығының дамуына ықпал ету, жаңа жұмыс орындарын ашу, азық-түлік қауіпсіздігі мәселелерін шешу, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту үшін жерді экономикалық айналымға тарту, - дейді Даржок Сейбағытов.
Маңғыстау облысы жер қатынастары басқармасының басшысы Есемұрат Дүзмағамбетов жер заңындағы өзгерістерді, сондай-ақ, өңірдегі ауыл шаруашылық жерлерінің жағдайын түсіндірді.
- Маңғыстау облысының жалпы көлемі 16 млн. 564 мың гектарды құрайды, оның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер 5 млн. 289 мың гектар, босалқы жерлер 9 млн. 552 мың гектар. Яғни 58% жер экономикалық жағынан пайдаланылмаған. Ауыл шаруашылық мақсатына берілген 5 млн. 289 мың гектар жердің 77 мың гектары немесе 1,46%-ы жеке меншікте. Қалған 98,54 %-ы уақытша жер пайдалануға берілген. 2011 жылдан бүгінгі күнге дейін, тексеру қорытындысы бойынша, көлемі 3 млн. 871 мың гектар жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды. Соның ішінде 363,2 мың гектары қайтадан ауыл шаруашылық айналымына тартылды, - деп атап өтті Маңғыстау облысы жер қатынастары басқармасының басшысы Есемұрат Дүзмағамбетов.
Отырысқа қатысушылар жиын барысында Елбасының Жер кодексіне енгізілген кейбір өзгерістерге жарияланған мораториясына және реформаны жан-жақты талқылауына қолдау білдірді.
- Елбасымыз: «Барлық адамның ойы еркін айтылсын, ескерусіз қалмасын» деген болатын. Біз бүгін ойымызды ашық білдіріп, өзекті мәселелердің шешімін бірігіп отырып табу үшін жиналып отырмыз. Мен сіздің ұсыныстарыңызды тыңдауға дайынмын. Халықтың көкейіндегі мәселелерді ашық талқылау үшін аудандарға барып ауылдық қоғамдық кеңестің жұмыстарына қатысуды ұсынамын, - деп атап өтті Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев.
Өңір басшысы атап көрсеткендей, қоғамдық кеңес мүшелерімен көтерілген барлық өзекті мәселелер мен ұсыныстар ескерусіз қалмайды. Отырыстың хаттамасы тиісті мемлекеттік органдар арқылы зерделеніп, содан кейін республикалық комиссияның қарауына ұсынылатын болады.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="3618,3622,3621,3620,3639,3638,3645,3641,3637,3624,3619,3643,3642,3634,3644,3632,3623"]