©
Облыс әкімі Е.Тоғжанов жүргізген дүйсенбілік аппарат мәжілісінің күн тәртібінде төрт мәселе бойынша тиісті сала басшылары мен жауапты тұлғалар есеп берді.Жастармен жұмысты жақсарту үшін...
Маңғыстау облысы жастар саясаты жөніндегі басқармасының басшысы Аманғали Нұрдәулетов атқарылған жұмыстар мен жоспарлары туралы баяндады. Оның айтуынша, облыс аумағында 14-29 жас аралығын қамтитын 162 592 жас бар, яғни олар облыс халқының 26 пайызын құрайды екен. Солардың басын қосатын 30 жастар ұйымы жұмыс жасайды, осы санаттағылардың арасындағы жұмыссыздық деңгейі 4,4 пайызды құрайды. Жастар практикасы, «Жасыл ел», «Жаңа серпін» сияқты мемлекеттік әлеуметтік бағдарламалар арқылы жұмыспен қамтылған, кәсіби білім алған жастар, басқа да өткізілген түрлі шаралар жайында мәліметтер келтірілді. Баяндамашының сөзіне қанағаттанбаған облыс әкімі оған төте сауалдар қойып, жұмыстың тиісті деңгейде жүргізілмей отырғандығын өткір сынға алды. Атап айтқанда, облыс әкімі бүгінгі таңда мемлекеттік деңгейде аса мән беріліп отырған рухани жаңғыру бойынша жан-жақты жұмыстар жүргізу, жастарға арналған жобалар санын көбейту, еңбек нарығын трансформациялау және жастарды жұмыспен қамту, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың алдын алу мәселелері бойынша жұмыстардың ақсап жатқандығына назар аударды. Сондай-ақ Жаңаөзен қаласы бойынша тіркелген 824 жұмыссыз жастардың арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу, Құрықтан жастарға арналып салынған 500 орындық жатақхананың болашақ тұрғындары арасында тәртіпті қадағалау мен келеңсіздіктердің алдын алу, қоғамдағы үлкен қозғаушы күш ретінде зор әлеуеті бар жастармен нақты нәтижеге бағытталған іс-шаралар жүргізу жөнінде талаптар қойылып, тапсырмалар берілді. Бесжылдық даму жоспарымен... Аймақтың алдағы бес жылға белгіленген әлеуметтік экономикалық дамуына қатысты болжамдар мен бюджеттің көлемі туралы Маңғыстау облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысы Х.Нұрғалиева өз есебінде мәлімдеді. Бұл аралықтағы даму көрсеткішінде жыл сайынғы өсім болады деп күтілуде. Бюджеттің кіріс бөлігі мен мұнай өндіру көлеміне қатысты жоғарыдан белгіленген болжамдардың нақты жағдаймен сәйкеспейтін тұстарына, дәлірегі көрсеткіштерді көтермелеп қоюға жол бермеуге қатысты өңір басшысы ескерту жасап, түзетуге тапсырма берді. Осы жылы 132,4 млрд теңге көлемінде бекітілген облыс бюджетін келесі жылы 141,7 және 2019 жылы 150,2 млрд теңгеге дейін арттыру жоспарланған. Өңірлік жалпы өнім көлемінің 48,8 пайызы өндіріс саласына тиесілі болса, содан кейінгі орындарда құрылыс, сауада, көлік салалары тұр. Биылғы жылы 18,1 млн. тонна мұнай өндіру, ал 2020 жылы оның көлемін 19,9 млн. тоннаға дейін өсіру көзделген. Республикалық бюджет есебінен қаржыландырылатын 61 жобаны жүзеге асыруға 37,5 млрд теңге қарастырылған. Келесі жылдың басынан ауылдық округтерде бюджеттің төртінші деңгейі деп аталатын жергілікті өзін-өзі қаржыландыру жүйесі іске қосылатындығы айтылды. Аймақ басшысы барлық жобалар бойынша уақытылы жобалық-сметалық құжаттамалар дайындаудың, инфрақұрылымды дамытудың, соның ішінде Мұнайлы ауданынан орталық аурухана салу жобасын жүзеге асырудың өзектілігін атап көрсетті. Жол бойы сервисі және ЭКСПОға қатысу жайы Маңғыстау аумағында жол бойынан бес жерде сервис орталығы құрылатын болады. Ол туралы Маңғыстау облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Т. Спанов хабардар етті. Қонақ үйі, асханасы, көлік тұрағы – кемпингі, дүкені т.б. қажетті қызмет орындары бар сервис орталықтарын Батыр, Жетібай, Шетпе, Саятөс және Тәжен елді мекендеріндегі жол бойынан ашу көзделіп отыр. Ол транзиттік жүк тасымалдаушылармен қатар жолаушыларға, туристерге қызмет көрсететін болады. Әзірге нұсқа жобасы таныстырылған ол орындарды ашу үшін тез арада инфрақұрылым жасап, кәсіпкерлерді тарту үшін ашық конкурс жариялау қажет, деді облыс әкімі. Маңғыстау облысы туризм басқармасы бастығының орынбасары Г.Сүйеуова күні бүгінге дейін Астанада өтіп жатқан ЭКСПО көрмесін тамашалауға аймағымыздан 63529 адам барып қатысқанын мәлімдеп, белгіленген 65000 межеден алдағы аптаның ішінде-ақ асып түсетінін сеніммен айтты. Жиын соңында аймақ басшысы аудан, қала әкімдерінің, басқарма басшыларының жұмыстарына қатысты нәтижеге жету үшін талаптың күшейіп, тапсырмалардың көбейе беретінін тағы да нықтап еске салды.Мұрат ҚУАНЫШҰЛЫ Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ