Кеше қаламызға Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын халық арасында насихаттау, негізгі идеясын түсіндіру мақсатында Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Мақсат Ысқақов келіп, жаңаөзендіктермен кездесу өткізді. Оқушылар шығармашылық үйінде ұйымдастырылған жиынға қала әкімі Елубай Әбілов, қалалық мәслихат хатшысы Сақи Мыңбай, барлық мекеме басшылары, қала тұрғындары қатысты. «Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы бүкіл қазақ даласында кең орын алып отырған дүние» деп сөз бастаған М.Ысқақов мақаланың түпкі мақсаты - елдің бірлігі мен ынтымағын сақтау, дамыған елдердің қатарына қосу, ал бұған Қазақстанның әрбір азаматы жауапты екенін ұғындыру болып табылатындығын атап өтті. Сондай-ақ, қазіргі жаһандану заманында қазақ елі ата-баба жолымен өзінің салт-дәстүрін, өмір сүру қағидаларын, қазақы менталитетін, айналысқан кәсіптерін, жалпы айтқанда ұлттық құндылықтарын сақтап, жандандыру арқылы рухани жаңғыра алатындығын айтты. Сонау замандарда өмір сүрген би-шешендердің, жыраулардың, жалпы аузы дуалы азаматтардың өсиеттері, нақыл сөздері, қазылық шешімдерінен мысал келтіріп, қазақтықты ұмытпау қажеттігіне тоқталды. - Бүгінгі келгендегі сапарым халықпен тілдесіп, қаланың жағдайын көріп, одан кейін тұрғындарды рухани жаңғырудың негізгі бағыттарымен таныстыру болып отыр. Жалпы, қазір бағдарлама деңгейіне көтерілген мақала айналасында әртүрлі жұмыстар жасалуда. Еліміздің түкпір-түкпірінде насихаттау шаралары қолға алынды. Халыққа рухани жаңғыруды әркім әртүрлі әдістермен түсіндіріп жатыр. Біздер дамыған заманда өмір сүріп жатқанымызды білеміз. Тіл білу, ғылым үйрену қазіргі заманның талабы. Бірақ-та, адамгершілік, қазақы тәрбие мәселесі қазақ ұлт қалыптасқанан бергі дүние. Әке қаны, ана сүтімен дарыған болмысымызды сақтауымыз қажет, - деді М.Нұрлыбекұлы. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын шешен түсіндірген облыс әкімінің орынбасары мақаладағы «Туған жер» бағыты бойынша еліне, халқына пайдасын тигізіп жүрген жаңаөзендік азаматтарды атап өтті. Олардың қатарында, Ісенбай Қалдаманов, Көшбай Қызанбаев, Жаңбырбай Дәрменов, Сәуле Жақаева, Светлана Әбілханова, Бақтылы Рысбаева, Серікбай Бердияров бар. Кездесу соңында қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қуандық Бекмағанбетов, Теңге ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы Али Жақсылық, қалалық мәслихат хатшысы Сақи Мыңбай, жеке кәсіпкер Ісенбай Қалдаманов, газетіміздің редакторы Гүлназ Бөлекбаева М.Ысқақовқа алғыстарын айтып, рухани жаңғыру бойынша пікірлерін білдірді.
Тағы оқыңыздар: Ақтауда «бекіре тасымалдаушы» мемлекетке 3 миллион теңге шығын келтіргенҚала әкімі Е.Жақайұлы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын орындау мақсатында 193 пунктен тұратын шара бекітіліп, Оқушылар шығармашылық үйінде арнайы кеңсе ашылғанынан хабардар етті. Қала тұрғындарын мақала аясында кімде-кімнің ұсыныс-пікірлері болып жатса, кеңсеге хабарласуға шақырды.
Жаңаөзен-Ақпарат