26 қазан 2017 жылы Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев қазақ тілі әліпбиінің кириллицадан латын графикасына көшуі туралы Жарлыққа қол қойды.
Жарлықта Қазақстан Республикасының Үкіметі қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия құрсын, қазақ тілі әліпбиінің 2025 жылға дейін латын графикасына кезең-кезеңмен көшуін қамтамасыз етсін, осы Жарлықты іске асыру жөнінде өзге де, соның ішінде ұйымдастырушылық және заңнамалық сипаттағы шаралар қабылдасын делінген.
Еліміздің Конституциясының 44-бабының 1-тармағында «Қазақстан Республикасының Президенті Қазақстан халқына елдегi жағдай мен Республиканың iшкi және сыртқы саясатының негiзгi бағыттары туралы жыл сайын жолдау арнайды», – деп көрсетілген. Осының негізінде 1997 жылдан бері Елбасы жариялап келе жатқан Жолдаулар ел дамуының темірқазығына айналып келеді. Ал «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты биылғы Жолдауынан соң жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы мен онда көтерілген мәселелер жоспарлы Жолдауларымен біте қайнасқан, үндестік тапқан идея болды десек, қателеспейміз.
Әліпби таңдау ұлт тарихының өзегі болатын тарихи шешім. Өткенге зер салсақ, қазақ өзінің дамуында бірнеше жазу мен әліпбиді игерді. Тек ХХ ғасырдың алғашқы жартысындағы «Араб графикалы қазақ әліпбиі», «Латын графикалы қазақ әліпбиі», «Кирилл графикалы қазақ әліпбиі» жазу реформалары сөзіміздің дәлелі.
Тарихқа жүгінсек, 1912 жылы А.Байтұрсынов араб әліпбиіне негіз делген қазақ жазуына алғаш реформа жасап, қазақ тілінің басқа түркі тілдерінен даралығын анықтап, ұлттың өзіне тән дыбыстық үнін танытатын таңбаларды әліпбиге енгізген. Қазақ жазуы тарихында «жаңа емле» (төте жазу) деп аталған бұл әліпби 1913 жылдан бастап қолданылды. 1929 жылы қоғамдағы саяси-әлеуметтік өзгерістердің салдарынан Кеңес үкіметі құрамындағы түркі халықтары латын әліпбиіне көшірілді. Х.Досмұхамедов мемлекет қайраткері ретінде қазақ тіліне үйлестіріп латын әліпбиін жасады. Ал 1940 жылы, сол кездегі Кеңес Одағы халықтары үшін біртекті әліпби қолданысқа енгізілді. Орыс тілінде жоқ қазақ тілі дыбыстарының таңбалары кирилл таңбаларына ұқсастырылып, к, г, о, н әріптерінің сұлбасына сызық түсіру арқылы қ, ғ, ө, ң және ә, і қазақ әріптері қосылды. Осылайша, 42 әрпі бар қазақ әліпбиі жасалды. Кирилл әліпбиіне негізделген бұл әліпби ұзақ жылдар жадымызда жатталғанымен, әлемдік аренаға шыққан мемлекетіміздің төл әліпбиі болуы керектігін заман талабы айқындап отыр. Қазақстан өтпелі кезеңде бұдан да батыл, саяси жігерлі шешімдер қабылдағаны белгілі. Әрине, жаңа іске сыншы табылады. Мемлекетіміз өз астанасын ауыстырғанда, бұған да күмәнмен қараушылар табылғаны есте. Алайда, алынбайтын қамал, аспайтын асу болмайтынын уақыт дәлелдеді. Сондықтан, еліміздің «рухани жаңғыруының» негізі болып табылатын латын әліпбиі реформасын халық арасында кеңінен талқылау, түсіндіру, қолдау шараларына атсалысу біздің міндетіміз.
Әліпби реформасы үлкен жауапкершілікпен әрі мемлекеттің жоғары билігінің толыққанды қадағалауымен жүзеге асатын іс. Елбасымыз латын әліпбиіне ұсынылған нұсқаларын қарап, 32 әріптен тұратын нұсқасын ұсынып отыр.
Елбасының латын әліпбиіне көшу бастамасын Қазақстан модернизациясының үшінші кезеңіне бастайтын бағыт деп тануға әбден болады. Әмбебап халықаралық латын әліпбиін қолдану батысшыл бағыттың белгісі емес. Керісінше, латындандыру саясатында Қазақстанның әлемдік ақпараттық және білім кеңістігіне енген, дүниежүзілік қауымдастықтың мүшесі ретіндегі дамуының басым бағыты жатыр.
Сондықтан, латын әліпбиін оқып, жазып үйренуді қазірден бастағанымыз жөн.
И.ДОСЕТОВ,
Бейнеу аудандық сотының төрағасы