Жаңаөзенде шаршы алаңдағы тартысты ойынды Каспий командасы жеңіске жетті. Маңғыстаулық Каспий клубы өз алаңында өскемендік Алтай командасын қабылдады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz тілшісі.
- Өте тамаша! Каспий командасы өте жақсы ойын көрсетіп жатыр. Өте қуаныштымыз, Жаңаөзенде жыл сайын осындай бола берсін. Бәріміз осындай футболды асыға күтеміз. Жанкүйерлер Каспий командасына қолдау білдіріп, күшті көңіл-күйдеміз, - дейді жанкүйерлердің бірі.
Жасыл алаңдағы ойын дүбірлі өтті. Ойынға ұйымдастырушылар ерекше дайындалған. Жаңаөзен қаласының әкімі футбол алаңы барлық ФИФА стандартына сәйкес келетінін айтып отыр.
- Ойынның Жаңаөзенде өтуі жастарымызға, өсіп келе жатқан ұрпақтарымызға спорттың жаңа бір бағытына қарай серпін береді деген ойымыз бар. Футбол бұқаралық спорттың арасында, халықтың арасында жоғарғы деңгейге ие болып жатыр. Алдағы уақытта Жаңаөзен қаласында мұндай үлкен кәсіби ойындарды өткізуді жалғастырамыз деген сеніміміз бар, - деді Жаңаөзен қаласының әкімі Жансейіт Қайнарбаев.
Шаршы алаңдағы тартысты ойын Каспий командасының есебіне 4:1 болып аяқталды. Жиналған көпшілік те, ойыншылар да қуанышпен тарқасты. Енді Каспий командасы жоғары лигада ойнау үшін тағы 15 командамен кездесу өткізеді.
Махаббат Нұржанқызы