Ақтаулық шахматшы Эдгар Мамедов Испанияның Менорка қаласында өткен турнирде халықаралық дәрежедегі шебер атағын алды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Қала әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, халықаралық турнирге 46 елден 277 шахматшы қатысқан. 13 жастағы Эдгар Мамедовтың қарсыластарының арасында 6 гроссмейстер болды. Солардың біреуімен тең ойнап, тағы үшеуін жеңді.
Жарыс қорытындысы бойынша Эдгар халықаралық шебердің үшінші нормасын орындады. ФИДЕ рейтингісін 2 405 пунктке дейін көтерді.
- Мен бұл жарысқа үлкен дайындықпен бардым. Халықаралық шебер атану үшін үлкен жарыстарда үш рет норма орындау керек. Бірінші нормамды былтыр Павлодардағы турнирде орындадым. Биыл Испаниядағы екі ірі турнирге қатар қатысып, екеуінде де халықаралық шебер нормасына ие болдым. Мені қолдаған баршаға алғысымды айтамын. Енді менің мақсатым - гроссмейстер атану. Қазір мен Біріккен Араб Әмірліктерінде өтетін халықаралық турнирге қатысуды жоспарлап отырмын. Бұл турнирде гроссмейстерлік бірінші норманы орындауға тырысамын, - деді Эдгар Мамедов.
Айта кетейік, Эдгар Мамедов шахматтан Қазақстанның он дүркін чемпионы, Әлем чемпионаттарының екі дүркін күміс жүлдегері және Азия чемпионы.