Теңге ауылының 60 жылдық мерейтойы қарсаңында балалар және жасөспірімдердерге арналған спорт мектебі ашылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Ауыл жастары арасында салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында бой көтерген бұл спорттық нысан Теңге ауылының шығыс бөлігіндегі Әлихан Бөкейханов көшесінде орналасқан. Спорт кешені ауа райына қарамастан, жыл бойы жұмыс істейтін болады. Себебі кешеннің құрылысы жоғары технологияға сай, ангар типтес жасалған.
Бір уақытта 300 бала жаттыға алатын заманауи спорт кешенінде футбол, баскетбол, волейбол және үстел теннисі, тоғызқұмалақ, қазақ күресі және тағы да басқа спорт түрлерінен оқу-жаттығу жұмыстары жүргізіледі.
Жаңа ғимараттың ашылу салтанатына Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары Нұрберген Худибаев, Жаңаөзен қалалық мәслихат төрағасы Ғалым Байжанов, «АMANAT» партиясының төрағасы Житек Мұханов, Жаңаөзен қаласының спорт ардагері Өтебай Битиков, мәслихат депутаттары және ауыл тұрғындары қатысты.