Париж Олимпиадасында қазақстандық дзюдошы Шархан Нұрлыхан алғашқы белдесуінде жеңіске жетті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
-100 келіде татамиге шыққан Нұрлыхан жарыстың алтыншы күнінде Бельгияның тәжірибелі балуаны Тома Никифоровпен шеберлік байқасты. Негізгі уақыттың аяқталуына санаулы секундтар қалғанда Томаға 3-ші ескерту (shido) берілді.
Бельгиялық әлем чемпионатының күміс және қола жүлдегері, Еуропа чемпионатының 2 дүркін жеңімпазы атанған.
Қазақстан спортшысы енді 1/8 кезеңде өзбекстандық Музаффарбек Туробовқа қарсы шығады. Аталған балуан 2022 жылы әлем чемпионы атанған.