Тамыз айының 2-3 күндері Жеменей Бөкен атаны еске алуға арналған 23 жасқа дейінгі ересектер арасында спорттық және әскери самбодан ерлер мен әйелдер арасында Қазақстан чемпионаты болады. Үш қала, 17 облыстан 600-ге тарта спортшы келген. Бұл туралы жарыс алдында өткен брифингте Маңғыстау облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Мақсат Мұқаш мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
- Жеңімпаз спортшыларға спорт шебері атағы беріледі. Екінші, үшінші орын алған спортшылар спорт шеберлігіне үміткер болады. Самбодан 23 жасқа дейінгі спортшылар арасында чемпионатты бірден-бір өткізу себебі – ересектер арасында Қазақстан құрамасын толықтыру, - дейді самбодан Маңғыстау облысы ересектер құрамасының бас бапкері Берік Жұмағалиев.
Мақсат Мұқаш турнирдің басты мақсаты - ата-бабалардың қасиеті мен өсиетін ұлықтау, спортшылардың өзара біліктіліктерін шыңдау дейді.
– Осындай турнирлердің арқасында Маңғыстаудағы самбо күресі қарқынды дамып жатыр. 2014 жылдан бастап Маңғыстау облысында самбо спорты қолға алынып, Маңғыстау облыстық самбо федерациясы құрылып, заңды аккредитациясын алып жұмысын бастап кеткен болатын. Нәтижесінде, облысымызда самбо күресімен шұғылданатын спортшылар саны 750-ге жетіп отыр. Дәл осы спорт түріне қызығушылықтың артқанының арқасында өңірімізден 2 еңбек сіңірген жаттықтырушысы, 45 ҚР спорт шебері, 5 әлем чемпионы шығып, спортшыларымыз осы уақытқа дейін ел чемпионаттарында 98-ге жуық медаль иеленді, - деді Мақсат Мұқаш.
Баспасөз конференциясына арнайы Жеменей-Бөкен ата ұрпақтары да қонақ болып келді. Олардың қатарында Жиенбай Бисекенов, Тілеумұрат Білімұлы, Ақылбек Тасқараұлы да бар.
- Атамызды ұлықтауға арналған турнирді ұйымдастыруға атсалысқан барша азаматтарға алғыс айтамын! «Спорт шебері» атағы үшін сынға түсетін спортшыларға сәттілік пен жеңіс тілеймін! Ел чемпионатында самбошыларымыздың өнерін тамашалап, нағыз мықтыны бірге анықтайық!, - деді Жиенбай Бисекенов.
Чемпионат қатысушылары қаланың қонақүйлеріне жайғасқан. Дүбірлі дода 33-шағын аудандағы 2 000 адам сыятын Маңғыстау арена спорт кешенінде болады.