Словакия мемлекетінде дзюдодан кадеттер арасында өткен ашық Еуропа кубогында 50 келіде маңғыстаулық Ғабит Расулхан чемпион атанды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Облыстық спорт басқармасының баспасөз қызметінің мәліметінше, жерлесіміз жарыс барысында Израиль, Грузия, Белоруссия, Венгрия елдерінің палуандарынан басым түсті. Ақтық сында Украина палуанын ұтып, жарыстың жеңімпазы атанды.
Ғабит Расулхан Маңғыстау облыстық «Жас батыр» мамандандырылған балалар және жасөспірімдер спорт мектебінде жаттығады. Бұған дейін республикалық және халықаралық жарыстарда қатарынан көрінген. Ол 2024 жылдың ақпан айында Түркістан қаласында жасөспірімдер арасында ҚР чемпионатының қола жүлдегері атанған болатын.
22-24 наурыз айы аралығында Словакия мемлекетінде Саморин қаласында өткен дзюдодан кадеттер арасында ашық Еуропа кубогына 21 мемлекеттен 521 спортшы қатысты.