Маңғыстау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен «Қазақстан Республикасының әуесқой футбол лигасы» қауымдастығының бастамасымен Ақтау қаласында әуесқойлар арасында футзалдан Қазақстан Республикасының чемпионаты өтеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты облыстық спорт басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Байрақты бәсеке осы жылы ұлттық мереке қарсаңында наурыз айының 21-24 аралығында өтеді.
Жергілікті тұрғындар мен қала қонақтары тартысқа толы ойынды «Halyk Arena», «BS Arena», «Батыр» спорт кешенінде тамашалай алады.
Ел біріншілігінің VIII-чемпионатына алдын ала аймақтық іріктеуден өткен 40-тан аса команда қатысады. Нақтыласақ,«Металлург» (Аксу), «YASSY GOROD» (Туркестан), «MADI STROY» (Кокшетау), Алаш (Караганда), «Макат» (Атырау), НДФЗ ФОСФОР (Тараз), «BATYS» (Актобе), «Мұнайшы» (Жезказган), «Локомотив» (Атырау), «Allur» (Астана) командалары бар.
Сонымен қатар Маңғыстау облысы атынан «Баянды» (Ақтау), «Бұрғылау» (Жаңаөзен), «БС Ақтау» (Ақтау), Атруим (Ақтау) құрамалары қатысады.
Жарыс қорытындысы бойынша чемпион атанған команда келесі жылы Испания мемлекетіндегі Барселона қаласында өтетін Европа чемпионатына жолдама алады.
Айта кетейік, дүбірлі дода аясында алғаш рет өңірдің танымал тұлғалары топтасқан «Жұлдызды МАТЧ» ұйымдастырылады. Ойынға актер, блогер, вайнер Айдар Каримбаев, бокстан Олимпиданың екі дүркін күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов, елге танымал әнші, эстрада жұлдызы Ғадылбек Жаңай, ұлттық құрама және «Қайрат» футзал клубының экс-капитаны, Маңғыстау мақтанышы – Дінмұхаммед Сүйлейменов, журналист, қоғам белсендісі, «Жағымды жаңалық» қорының директоры Нұрлан Қуанышбай және сан-саланың саңлақтары бар.