Ақтауда Наурыз мерекесіне орай көркем және эстетикалық гимнастикадан қала әкімінің кубогы басталды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Жарысқа Ақтау және Жаңаөзен қаласынан, Мұнайлы ауданынан 300-ден астам спортшы қатысып жатыр. Шараға Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тналиев, өңірлік көркем және эстетикалық гимнастика федерациясының президенті Аида Садатқызы қатысты.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, наурызнаманың жаңа концепциясы жасақталды. Наурызнаманың онкүндігі бойынша қаламызда бірқатар мәдени-спорттық шаралар ұйымдастырылып жатыр. Көркем гимнастика - ең әдемі спорт түрі. Жас гимнастшыларды жарыстарға дайындап жүрген жаттықтырушыларға алғысымды айтамын. Жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеймін, - деді қала әкімі Ұлықбек Тналиев.
Жиында Ақтау қаласының спорт саласына қосқан үлесі үшін спортшылар мен жаттықтырушыларға алғыс хат табысталды. Сондай-ақ, Маңғыстау облыстық көркем және эстетикалық гимнастика федерациясының президенті Аида Садатқызы жарыс жеңімпаздары республикалық чемпионатқа жолдама алатынын атап өтті.
-Жарыс жеңімпаздары Шымкент қаласында өтетін республикалық чемпионатқа жолдама алады. Екі күнге созылатын сайыс спортшыларымыздың шыңдалуына мүмкіндік береді. Барлық қатысушыларға сәттілік тілеймін, - деді ол.
Жарысқа қатысушылардың бірі 12 жастағы Диана Советбаева. Ол көркем гимнастикамен 3 жасынан бастап айналысады.
- Мен көркем және эстетикалық гимнастиканы ерекше жақсы көремін. Бұл спортқа мені ата-анам алып келді. Көптеген облыстық және қалалық жарыстарға қатыстым, - деді Диана Советбаева.