Қарағанды қаласында арбадағы теннистен өткен ҚР кубогында маңғыстаулық Назар Трофимов пен Санат Есмағамбет жұптық ойында қола жүлдеге ие болса, жеке санатта Назар Трофимов ҚР кубогының иегері атанды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты облыстық спорт басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Санат пен Назар — Маңғыстау облыстық мүгедектік спорт клубының спортшылары. Олар жұптық ойында 16 жастан жоғары қатысушылар арасында сынға түсті.
Ал жекелей сында 14-15 жас аралығында өнер көрсеткен Назар ақтық ойында астаналық қарсыласынан басым түсіп, 1-орын иеленді.
10-13 сәуір аралығында өткен ҚР кубогында Астана, Алматы қалалары мен Маңғыстау, Ақтөбе ,Қарағанды облыстарынан келген параспортшылар бақ сынады.
Маңғыстау облысы бойынша арбадағы теннис спортынан аға жаттықтырушы Еркін Өтешовтың айтуынша, бұл спорттың елде дамып жатқанына 3 жылдай болды. Қысқа уақыт аралығында өңір спортшыларының мұндай жетістікке қол жеткізуі ерен ерік-жігері мен табанды еңбегінің нәтижесі.
Айта кетсек, Назар Трофимов 2023 жылы Алматыда арбадағы теннистен
өткен I ҚР кубогында 1-орын, Астана қаласында өткен ҚР чемпионатында 2-орын иеленген. Назар 15 жаста, алайда жарыста өз жасынан жоғары санатта да өнер көрсетіп, жеңіс тұғырынан көрініп жүр.