Қытайдың Гонконг қаласында ересектер арасында дзюдодан ашық Азия кубогында маңғыстаулық Нұрсұлтан Жұбатқан 66 кг салмақта қола медаль иеленді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
25-26 қараша аралығында ерлер арасында дзюдодан Қытайда өтіп жатқан Азия ашық кубогында 24 мемлекеттен 150 спортшы бақ сынаған болатын.
«Нұрсұлтан алғашқы екі белдесуінде Қытай және Гонконг елінің спортшыларынан басым түссе, жартылай финалда Корей елінің спортшысына бір ескерту ұпайына есе жіберді. Ал қола белдесуде кореялық спортшыны таза жеңіп, жеңіс тұғырының үшінші сатысына көтерілді», - деді оның бапкері Жомарт Қобланов.
Маңғыстаулық Нұрсұлтан Жұбатқан биыл дзюдодан жастар арасында Алматы қаласында өткен Азия кубогының қола жүлдегері, Ақтауда өткен Жоғары оқу орындарының студенттері арасындағы XII жазғы Универсиаданың және Семейде өткен ҚР Чемпионатының қола медаль иегері атанған болатын.