Өңірімізде дзюдодан 2009-2010 жылы туған жасөспірімдер арасында «Ұлы Отан соғысының ардагері», ІІІ дәрежелі «Даңқ», «Қызыл Жұлдыз» орденінің иегері Жанашев Әдек Жанашұлын еске алуға арналған Республикалық І ашық турнир өтіп жатыр, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Спорттық іс-шараның ашылу салтанатында Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Звира Есбергенова сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
- Елімізде дзюдо күресінің дамып келе жатқаны баршаңызға мәлім. Оның айғағы ретінде Олимпиада ойындарындағы ел спортшыларының жетістіктерін айтуға болады. 2024 жылы өңірімізден Олимпиада ойындарына үміткерлер шығады деп сенім білдіремін! Дүбірлі додада бақ сынауға келген спортшыларға сәттілік тілеймін. Құрметті спортшылар, маңғыстаулықтардың атынан сіздерге үлкен сенім білдіремін! Жеңісті күндердің куәсі болайық! Спортшылар да, көрермендер де көңіл сергітіп, кештен керемет әсер алуына тілектеспін,- деді Звира Есбергенова.
Маңғыстау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Мақсат Мұқаштың айтуынша, Маңғыстау жүйелі шаралардың нәтижесінде дзюдо спорты бойынша үздік өңірлер қатарында.
- Бүгінде өңірімізде дзюдомен шұғылданатындар саны 10 мыңнан асады. Соның ішінде шамамен 20 спортшы республикалық және халықаралық жарыстарда жоғары нәтиже көрсетіп, ел намысын қорғап жүр. Бұл - бапкерлер мен спортшылардың зор еңбегінің нәтижесі. Алдағы уақытта бұл турнирді жыл сайын дәстүрлі түрде өткізу арқылы Республикалық Дзюдо федерациясының күнтізбелік іс-шаралар жоспарына енгізуді көздеп отырмыз. Айта кетсем, сындарлы сайысқа мұрындық болып, қаржылай қолдау білдірген Түпқараған ауданынан сайланған облыстық мәслихат депутаты Нұрлыбек Әдеков мырзаға алғысымды айтамын. Бұл өңір спортына көрсетілген қолдау деп қабылдаймыз,- деді Мақсат Мұқаш.
Дүбірлі додада Өзбекстан, Ингушетия (Ресей), Шымкент, Түркістан, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облысының 300-ге жуық спортшы ұл-қыздары 13 салмақ дәрежесінде бақ сынады. Өзбекстан құрама командасы аталған шараға 20 спортшы алып келген.
- Біздің елімізден келген 15 ұл, 5 қыз бала алаңда белдесті. Сайысты қазақ елі өте жақсы деңгейде ұйымдастырған. 38 келі салмақта өзбекстандық Сәруәр Юлдашев чемпион атанды. Бұл біз үшін қуанышты жағдай,- деді Өзбекстан құрама командасының жаттықтырушысы Айбек Жұбаниязов.
Спорттық іс- шара 25 қарашаға дейін жалғасады.