© insporttv.kz
Бүгін дзюдодан Парижде басталатын Гранд Слэм бәсекесінде күресетін маңғыстаулық балуандардың қарсыласы белгілі болды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
73 келіде татамиге шығатын Асқар Нарқұлов бірінші айналымда күреспейді. Жарысты екінші кезеңнен бастайтын жерлесіміз кипрлық Андрей Киприаноспен белдеседі. Жеңіске жеткен жағдайда Өзбекстан балуаны Шахрам Ахадов пен тәжікстандық Әбубәкір Шеров жұбының жеңімпазымен шеберлік байқасады.
Ал 81 келіде ел намысын қорғайтын Руслан Мұсаев бірінші кездесуін өзбекстандық Мұса Собировке қарсы өткізеді. Жерлесіміз алғашқы кезеңде жеңген жағдайда келесі белдесуін бразилиялық Гильерме Брашимидтпен өзара мықтыны анықтайды.
Айта кетейік, Асқар Нарқұлов өткен жылы ел чемпионатын топ жарып, өз салмағында үздік атанған болатын. Сондай-ақ, қос жерлесіміз өткен жылдың желтоқсан айында Токио Гранд Слэміне қатысты.
Париж Гранд Слэмі Олимпиада алдында рейтингтік ұпай үлестіреді. Бұл сында топ жарған дзюдошыға 1000, күміс жүлдегер 700, қола медаль иегеріне 500 ұпайдан беріледі.