© Фото: Нұрғали Жұмағазы
Таяуда Астанада аяқталған ел чемпионатында 65 келіде жеңімпаз атанған Маңғыстау облысының балуаны сәуірде Бішкекте өтетін лицензиялық турнирге қатысуы мүмкін, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Бұл туралы еркін күрестен ұлттық құраманың бас бапкері Мадияр Құрамысов «Егемен Қазақстанға» берген сұхбатында айтты.
«Қазақстан чемпионатында жүлде алған балуандар Олимпиада лицензиясы үшін өтетін турнирге қатысады. Қырғызстанда өтетін аймақтық іріктеуге чемпион атанған балуандардың баруы заңдылық. Одан кейін Ыстанбұлдағы әлемдік іріктеу додасына Бішкекте жолдама бұйырмаған салмақ дәрежесіндегі балуандар сынға түседі», - деді білікті маман.
Ол өз сөзінде 65 келіде ел чемпионы атанған маңғыстаулық Майис Алиевтің әлеуеті зор екеніне тоқталды.
«Жастардың қалың шоғыры өсіп келе жатқанын аңғардық. 18-19 жастағы балуандар тәжірибелі қарсыластарынан қаймықпай белдесті. 65 кг салмақта жеңіске жеткен маңғыстаулық Майис Алиевтің де әлеуеті зор. Бірақ бұларды ірі додаға қазір қоссақ, жасытып алуымыз мүмкін, жастардан ересектер құрамасына енді өтіп отыр. 86 килода чемпион атанған Нұржан Исағалиевтің де жаттығуда жанын салып еңбек ететіні тәнті етуші еді, өтеуіне міне алтын медаль бұйырып отыр», - деді Мадияр Құрамысов.
1-5 ақпан аралығында Астанада өткен ел чемпионатында Маңғыстау облысының балуандары еркін күрестен 3 жүлде иеленіп, жалпы командалық есепте үздік үштік түйіндеген еді. Олардың арасында 65 келіде белдескен Майис Алиев Қазақстан чемпионы атанса, 86 келіде Наурыз Ахметханов мен 97 келіде Камиль Куруглиев қола медальға қол жеткізді.