Ақтауда киокушинкай каратэден «Спорт - террор мен есірткіге қарсы» атты жастар мен жасөспірімдер арасында облыстық чемпионат өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жарысқа 4-15 жас аралығындағы 150-ге жуық спортшы қатысты. Олардың қатарында Ақтау қаласы, Мұнайлы және Түпқараған ауданының спортшылары бар. Сайыстың негізгі мақсаты - салауатты өмір салтын насихаттау және бұқаралық спортты дамыту. Шара барысында Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Нұртас Сали сөз сөйледі.
- Спорттың адам өміріндегі маңызы зор. Салауатты өмір салтын ұстану жасөспірімдерге болашағының жарқын болуына өз ықпалын тигізеді. Осы спорттық шара да қала жастарының спортқа деген қызығушылығын арттыру бағытында ұйымдастырылды. Барша жарыс қатысушыларына алғысымды білдіремін. Республикалық, әлемдік сайыстардың жеңімпазы болуларыңызға тілектеспін, - деді Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Нұртас Сали.