Мұнайлы ауданында футзалдан әуесқой ойыншылар арасындағы алғашқы турнир 14 сәуір күні басталды. Ойыншылар 1 жарым ай бойы сайысқа түседі. Жеңімпаз екі команда ҚР жазғы чемпионатына жолдама алады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Мұнайлы аудандық футбол федерациясының президенті Ақтау Ташевтің айтуынша шараның басты мақсаты — өскелең ұрпақты спортқа баулу, алдыңғы буынды үлгі ету.
- Жалпы Федерацияның ашылғанына 4 жыл өтті. 18 жастан асқан балаларға жарыстарды қысы-жазы өткізіп жатырмыз. Бұл жолғы жарыста Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған командалар бақ сынасып жатыр. Ойын қызу өтуде,-деді Ақтау Ташев.
Жарысқа 12 команда тіркеліп, 10 команда қатысып жатыр. Олардың арасында БАҚ өкілдерінен жиналған команда да бар.
- Біздің командамыз «Жағымды жаңалық» деп аталады. Тобымызда БАҚ өкілдерімен қоса кәсіби ойыншылар да бар. Алғашқы 3 турдан өттік. Үшінші турда қысқы маусымның чемпионы болған «Батыр» командасының жеңісті жолын тоқтаттық. Ең басты мақсат - аудандық жарыстардың деңгейін көтеру. Біз әрдайым ақпараттық және командалық қолдау көрсетуге әзірміз,- деді «Жағымды жаңалық» командасының президенті Нұрлан Қуанышбай.
Спорттық шара әр сенбі және жексенбі күндері Әмір-Темір спорт кешенінде өтуде. Ойын барысын you tube арнасында тікелей эфирден тамашалауға болады.