Талдықорған қаласында өткен каратэ-додан (WKF) жасөспірім және жастар арасындағы ел чемпионатында Маңғыстау облысының құрамасы жеңіс тұғырынан көрінді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметінше, 16-18 ақпан аралығында өткен ел чемпионатында Маңғыстау облысының құрамасы 9 алтын, 2 күміс, 11 қола медальмен жеңіс тұғырының бірінші сатысынан көрінді. Ал екінші және үшінші сатысынан Алматы қаласының құрамасы және Жамбыл облысының құрамасы үздік үштікке еніп отыр.
Маңғыстаулық спортшылардың қатарында 14-15 жас санатында Альфия Керім мен Мүслима Ерназар, 16-17 жас аралығында Фаутсаффар Асқарбек , Нұрсұлтан Нұрғалиев, Айшабибі Шарахан, Гүлнұр Қойшыбай, ал 18-20 жас аралығында Жанғазы Наптал , Олжас Алтынбек және Асылай Савидова алтыннан алқа тақты.
Сондай-ақ, күміс жүлдені Азат Ягмур (16-17жас) және Азамат Мұхат (18-20жас) иеленді. Бұдан бөлек, қола жүлдені 14-15 жас аралығында Мұхамедияр Кемали, Дарья Власенко, Софья Васильева, Руслан Еркін, Нұрнисса Дайрхан, 16-17жас аралығында Әлтайыр Джалгасбаев, Тұрар Қалпақбай, Ахмет Нысанбай, Әділжан Оңдағанұлы, Замира Болат және 18-20 жас аралығында Нұрасыл Мұса иеленді.
«Ел чемпионатының алдында спортшылар өңіріміздің аудан, қалаларынан Ақтау қаласына келіп арнайы оқу-жаттығу жиынынан өтті. Бұл оқу-жаттығу жиынында каратэ-до жаттықтырушыларымен қатар, жеңіл атлетикадан арнайы дайындықтар жүргізді. Осы кешенді дайындықтың арқасында облыс құрамасы айтарлықтай жеңіске жетті”, - деді каратэ-до бойынша мамандандырылған балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Зейнулла Онайбаев.
Зейнулла Онайбаев жаттықтырушыларға және спортшыларды төзімділік пен жылдамдыққа бағыттайтын арнайы жаттығуларды жүргізген жеңіл атлетика нұсқаушысы Денис Семеновқа алғысын жеткізді.
Каратэ-додан МО құрамасының аға жаттықтырушысы Мирас Шамовтың айтуынша, спортшылар алда 2 халықаралық турнирде сынға түсіп, Азия және Әлем чемпионаттарына іріктелмек.