Ақтауда шахматтан жасы 30-дан асқан ойыншыларға Iksor Chess Cup жабық турнирі өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме беріп.
Іс-шараның мақсаты - өңірде шахмат спортының дамуына септесу.
Шахмат ойынына көрермен ретінде өңірдің танымал тұлғалары мен қала әкімінің орынбасары Нұртас Сали келді.
- 20 шілде әлемдік Шахмат федерациясы FIDE -нің 100 жылдығы атап өтілді. Соған орай бізде турнирді бірінші рет ұйымдастырып отырмыз. Жарыстың бір ерекшелігі осыдан 100 жыл бұрын шахмат ойыны дәл осылай мейрамханаларда өтетін болған. Турнирге барлығы 13 адам қатысты. Жарысты көрермендер тегін тамашалай алды. Арнайы әртістер шақырылып, қойылым сахналанды. Жанды дауыста әуендер шырқалды. Біз қатысушыларға барынша керемет көңіл-күй сыйлауға тырыстық. Әлде де өз жалғасын табатынына сенімдімін,-деді ұйымдастырушы Анвар Шайхымов.
Любовь Донских - іс-шараға қатысушы. Ол бұл ойынға балаларының арқасында қызығушылығы артқанын айтады.
- Бүгінде жасым 51-де. Бұрын балаларыммен ұдайы шахмат ойнайтынбыз. Балаларым Анвар Шайхымовтың шәкірттері. Үлкен ұлыммен 5 жыл бұрын шахматтан «Жыл отбасы» жүлдегері атандық. Бүгінгі кеш өте тамаша өтті. Романтикалық кеш секілді десек те болады. Өте әсерлі болды,-деді Любовь Донских.
Айта кетсек көрермендерге арнайы нөмірлер беріліп, ойын соңында сыйлықтар табысталды.
Жеңімпаздар тізімі:
1 орын Айрапет Курдоглян
2 орын Сабит Сейдалиев
3 орын Арман Шамшиев