© Olympic.kz
26 шілде күні Парижде ХХХІІІ Жазғы Олимпиада Ойындарының алауы тұтанады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
11 тамызға дейінгі аралықта өтетін биылғы төртжылдықтың басты додасына еліміздің атынан 80 спортшы сынға түседі. Олар спорттың 25 түрінен жалпы саны 92 лицензия иеленген.
Париж Олимпиадасында Қазақстан спортшылары арасында 21 спортшы екінші мәрте Олимпиада ойындарына қатысады. Тағы 54 отандасымыз төртжылдықтың басты додасында алғаш рет өз жүлде үшін өз әлеуетін байқап көрмек.
Мәселен, Елдос Сметов, үстел теннисінен Кирилл Герасименко, қазіргі бессайысшы Елена Потапенко үшінші рет Олимпиада жүлдесі үшін шеберлік байқасады. Ал жеңіл атлет Ольга Сафронова мен академиялық есу шебері Владислав Яковлев үшін Париж бәсекесі төртінші Олимпиада болғалы отыр.
Айта кететін жайт, бокстан ерлер құрамасы (7 спортшы) Олимпиадаға толық құрамда қатысады. 2012 жылдан бері Қазақстан әйелдер бокс құрамасы алғаш рет үш боксшысы шаршы алаңға шығады.
Қазақстан спортшылары биыл брейкинг пен бадминтоннан алғаш рет Олимпиада жолдамасына қол жеткізді. 2004 жылдан бері еліміздің әйелдер күресі құрамасы бірінші мәрте Олимпиадаға қатыспайды.
Сондай-ақ, семсерлесуден Қазақстан спортшылары Парижде командалық сынға өнер көрсетеді.
Ал гимнастиканың батуттық, спорттық және көркем түрінен спортшыларымыз бірінші рет сынға түседі. Сонымен қоса, нысана көздеушілер де алты спортшыны Олимпиадаға тұңғыш рет апармақ.
Олимпиада Ойындарындағы жаңалықтар топтамасын mangystaumedia.kz сайтынан оқуға болады. Өңірдің ақпараттық басты сайты назарларыңызда Париждегі доданың жаңалықтарын ұсынады.