Ақтауда құқық қорғау органдары мен ішкі істер департаменті қызметкерлерінің арасында самбо күресінен «Динамо» дене шынықтыру - спорт қоғамы және ІІМ-нің Х ведомствоаралық спартакиадасы өтіп жатыр, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Жарыстың ашылу салтанатына қатысқан Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Жұмабай Қарағаев спортшыларға сәттілік тіледі.
-Самбо күресі - Қарулы күштердің кәсіби спорты, бұл жауынгерлік спорт. Бүгінде аймақта дәл осы спорт түрімен айналысатын адамдардың саны 40 пайызға жетеді. Бұл үлкен көрсеткіш. Осы деңгейді ұстау үшін, облысымызда биыл 1120 спорттық іс-шара жоспарланып отыр. Құрметті, спартакиада қатысушылары сіздерге тек жеңіс тілеймін, - деді Жұмабай Қарағаев.
«Динамо» дене шынықтыру - спорт қоғамы төрағасының орынбасары Асқар Омарқұловтың айтуынша, аталған додаға еліміздің түкпір-түкпірінен 217 спортшы, 31 команда қатысып жатыр. Оның ішінде, 3 әлем чемпионы, 1 ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, 53 ҚР спорт шебері бар.
-Қатысушылардың басым бөлігі Қазақстан құрама командасының мүшелері. Сондықтан спортшылар үшін бүгінгі жарыс қараша айында Арменияда өтетін Әлем чемпионатының іріктеу кезеңі есебінде болады. Сондай-ақ, келесі жылы өтетін олимпиадаға дайындық деуге тұрарлық , - деді Асқар Омарқұлов.
Айта кетейік, спартакиада 2 күнге созылады. Жеңімпаздар бүгін, яғни 21 қазан күні анықталады.