15 қазан күні Ақтауда жатып штанг көтеруден инклюзивті облыстық турнир өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аталған іс-шара қалада алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Турнирде 70-ке жуық спортшы бақ сынады. Олардың қатарында республикалық, халықаралық жарыстардың жеңімпаздары да бар.
Турнирдің мақсаты – пауэрлифтингті инклюзивті спорт ретінде дамыту. Іс-шараға арнайы келген қала әкімі Ұлықбек Тналиев спортшыларға сәттілік тіледі.
Турнир соңында жеңімпаздар ақшалай сертификаттармен және арнайы сыйлықтармен марапатталды. Ер адамдар арасында 59 келі салмақ дәрежесіне дейін І орынға Ернар Оразбаев, ІІ орынға Шыңғыс Елжанов, ІІІ орынға Ізтілеу Дүйсенбеков ие болды. Ал 80 келі салмақ дәрежесі бойынша І орынды Шалқар Ақмолдаев, ІІ орынды Батыржан Аязбаев, ІІІ орынды Шоқан Елекеев жеңіп алды.
97 келі салмақ дәрежесіне дейін ерлер арасында Игорь Трифонов чемпион атанса, ІІ орынды Қаржаухан Сағындық иеленді. ІІІ орынға Талғат Тіленбаев ие болды. Ал 97 келі салмақ дәрежесінен жоғары Арслан Сүйіншәлиев абсолютті чемпион атанды. Сәдуақас Салаватов ІІ орын, Рақымжан Бекбосынов ІІІ орынды жеңіп алды.
Әйелдер арасында 69 келі салмақ дәрежесіне дейін І орынды Гауһар Өмірзақова, ІІ орынды Махаббат Садық, ІІІ орынды Светлана Жұмашева иеленді. Ал 69 келі салмақ дәрежесінен жоғары санатта І орынғаЖадыра Бермұхамбетова, ІІ орынға Бақыт Құдайбергенова, ІІІ орынға Нұргүл Қилыбаева ие болды.
Роза Әділханқызы