Ақтауда 2008-2009 және 2010-2011 жылдары туған жасөспірімдер арасында “Жас батыр кубогы” республикалық турнирі басталды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Биыл тоғызыншы рет өтіп отырған сынға еліміздің 8 облысы мен 2 қаласынан 500-ге жуық жас дзюдошылар бақ сынауда. Байрақты бәсекенің ашылу салтанатында Маңғыстау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айбек Имашев жас жеткіншектерді құттықтап, сәттілік тіледі.
“Дәстүрлі түрде дзюдодан өтіп жатқан “Жас батыр кубогына” қатысушылар үшін алда әлемдік аренаға жолдама алып, жасындай жарқылдайды деп сенім артамын. Еліміздің көк туын желбіретін, ел намысын абыроймен қорғайды деп үміттенеміз. Жас өрендерге одан әрі өз шеберліктерін шындай түсуге мүмкіндік береді. Өңірде осындай түрлі жарыстар ұйымдастырылуда. “Жас батыр” спорт мектебінің ұйымдастыруымен ауқымды іс-шаралар және алдағы жылдары өтетін жарыстар күтіп тұр. Барлық спортшыларға сәттілік тілеп, татамиде шын мықты жеңіске жетсін деген тілегімді айтқым келеді”, деді Айбек Имашев.
Аталған сында жүлдегер атанған спортшылар спорт шеберлігіне үміткер атанады. Бұл татамидің жас шеберлері үшін үлкен сынақ болмақ. Сонымен бірге, дәстүрлі турнирде дзюдошылардың күресін халықаралық дәрежедегі төреші Жомарт Қобланов бастаған бастаған қазылар алқасы бағалайтын болады.