Ақтауда 2008-2009 жылдары туған жасөспірімдер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты басталды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Ел біріншілігіне еліміздің 3 республикалық маңызы бар қаласынан және 17 облысынан 20 команда, 500-ге жуық спортшы қатысып жатыр. Оның ішінде маңғыстаулық 20 боксшы сындарлы сайыста бақ сынайды.
Өңірімізде бокспен 10 мыңға жуық балалар, жасөспірімдер мен жастар және ересектер шұғылданады, оның ішінде шамамен 20 спортшы республикалық және халықаралық жарыстарда жоғары нәтиже көрсетіп, ел намысын қорғап жүр.
- Маңғыстау бокс мектебі өзіндік дәстүрлерімен танымал және өңірде бокстың дамуына жаттықтырушылардың еңбегі зор. Ал спортшылардың Олимпиада шыңындағы, Әлем және Азия төріндегі жеңістері былғары қолғап өнерінің өрістеуіне үлкен үлес қосты. Оның айғағы ретінде әлемдік рингтерде топ жарып, көк байрағымызды желбіреткен жерлестеріміз Ердос Жаңабергенов, Әділбек Ниязымбетов, Берік Абдрахманов, Бекзад Нұрдәулетов, Ерік Әлжанов, Нұрбол Қалжанов, Санатали және Саматали Төлтаев, т.б. айта кету керек. Бокстан 2008-2009 жылы туған жасөспірімдер арасындағы ҚР чемпионатынан оқ бойы озып шыққан үздіктер 2024-2025 жылға ұлттық құрама сапына іріктеледі, - деді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысы Мақсат Мұқаш.
Аталған турнир 16 желтоқсанға дейін жалғаспақ. Бұған дейін Ақтау қаласында бокстан жасөспірімдер арасында ҚР чемпионаты 2017 жылы өткен еді. 2018 жылы ересектер арасындағы ҚР чемпионаты, ал 2022 жылы тұңғыш рет қыздар арасында жасөспірім және жастар санатындағы ҚР чемпионаты ұйымдастырылды. Сондай-ақ, 2023 жылдың қыркүйек айында дәстүрлі түрде Шоқыр Бөлтекұлын еске алуға арналған ХV халықаралық турнирі өтті.