Ақтауда 28 маусым – БАҚ қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай шағын футболдан жарыс өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Маңғыстау облысы ішкі саясат басқармасының мемлекеттік гранты аясында «Азаматтық бастамаларды қолдау» және жергілікті «Жағымды жаңалық» қоғамдық қоры шағын футболдан дәстүрлі БАҚ кубогін өткізді.
8 команда қатысқан биылғы жарыс жоғары деңгейде өтті. Шағын футбол кубогіне облыстық Маңғыстау телеарнасы, Жаңаөзен телеарнасы, Қоғамдық коммуникация орталығы, Маңғыстау Медиа ЖШС, «Жағымды жаңалық» қоғамдық қоры, Бейнеу ауданы әкімінің баспасөз қызметі, арнайы шақыртылған «Боранқұл» жайдарман тобы мен «Мұнай тамшылары» командалары қатысты.
БАҚ, баспасөз, Медиа ұйым қызметкерлері арасында өткен жарыс 2 күнге жалғасты.
Нәтижесінде, Бейнеу ауданы баспасөз қызметінен құралған команда 3 орынды, облыстық Маңғыстау телеарнасы 2 орынды иеленді. Ал жаңаөзендік «Мұнай тамшылары» командасы жеңімпаз атанды.
Айта кетейік, Жаңаөзен телеарнасының атынан қатысқан команданың 2 ойыншысының жарақат алып қалуына байланысты, Бейнеу командасы техникалық жеңіспен 3 орынды иеленген.
Марапаттау рәсіміне облыс әкімінің идеологиялық істер бойынша орынбасары Тілеген Ақанұлы қатысып, жеңімпаздарды марапаттап, құттықтау сөзін айтты. Жарыстың жоғары деңгейде өтуіне Маңғыстау облысы дене шынықтыру және спорт басқармасы қолдау білдірген.
Жарыс жүлдегерлеріне кубок, медаль, марапат қағаздары табысталып, «Жағымды жаңалық» қоғамдық қорының қолдауымен 3 орынға 50 мың теңге, 2 орынға 70 мың теңге және 1 орынға 100 мың теңге қаржылай сыйақы табысталды. Сондай-ақ жарыс барысында ерекше ойынымен көзге түскен ойыншыларға ынталандыру сыйлықтары берілді.