Елімізде футбол ойыны еңсесін көтерсін десек, балалар футболына мән бергеніміз жөн. Жасыл алаң төрінде атой салар футбол шеберлері жастардан шығатынын ескерсек, осы жолда ұйымдастырылған жарыстар уақыт өте келе өз жемісін берері анық.
Осы мақсатта Қазақстан Республикасының Конституция күні және Қарақия ауданына 45 жыл толуына орай Қарақия аудандық спорт бөлімінің ұйымдастыруымен шағын футболдан ХХІІІ Халықаралық «Әкім кубогі» турнирі салтанатты түрде аталып өтті. Өз жалауын осымен 23 рет көтерген аталмыш турнирге Өзбекстан Республикасы және Қазақстанның Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау облыстарымен қатар аудан, ауыл командаларынан барлығы – 15 команда қатысты. Жыл өткен сайын бұл турнирге тігілген жүлде қорының көлемі де ұлғайып, турнирге қатысамын деуші командалар саны артып келеді. Жарыс кестесіне сай қатысушы командалар төрт топқа бөлінді. Аталмыш турнирде футбол десе, ішкен асын жерге қоятын жанкүйерлер қатары мол болды.
Турнир шымылдығы «Балауса» бишілер ансамблінің ерлікке жетелейтін асқақ рухты биімен ашылды. Бұдан кейін жүргізушінің хабарлауымен дүбірлі додаға қатысушы командалар таныстырылып, сапқа тұрғызылды. Қаздай сап түзеп тұрған футболшылар алдында аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Д.Атағараев турнирді ашық деп жариялау үшін сөз кезегін аудан әкімі Қыдырберді Әндірұлына берді.
Аудан әкімі Қ.Беков турнирге қатысушы командаларды Конституция күнімен құттықтай отырып, кездесулердің жоғары деңгейде өткізулеріне тілектестік білдіре келе командаларға жеңіс тіледі. Турнир ресми түрде ашық деп жарияланған соң Мемлекеттік Гимн шырқалды.
Үш күнге созылып, өзінің тартысқа толы кездесулерімен жанкүйер қауымды баурап алған турнир өз мәресіне жетті. «Әкім кубогі» турнирінің қорытындысы бойынша бірінші орынды жеңіп алған Атырау облысы, Мақат ауданының футболшыларына 700 мың теңге көлемінде жүлде қорын және екінші орынға Сайөтес командасына 400 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлықтарды аудандық мәслихат хатшысы А.Мееров арнайы табыстады. Ал үшінші орынды місе тұтқан Қарақия ауданы командасына 250 мың теңге көлемінде ұтыс және төртінші орыннан көрінген Қызыл-Төбе командасына 100 мың теңге көлеміндегі сый-сияпатты аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің аға жаттықтырушысы А.Алабердов табыстады. Барлық жеңімпаздар ауыспалы кубок, төсбелгі және арнайы дипломдармен марапатталды.
Ұйымдастыру алқасының шешімімен Мақат ауданы командасының «Үздік қорғаушысы» атағын Р. Қауанов, «Үздік ойыншысы» атағын Е.Бейбітұлы еншіледі. Ал Сайөтес ауылы командасының «Үздік шабуылшысы» Ә.Байтұрғанов пен турнирдің «Сұр мерген ойыншысы» болып Маңғышлақ командасының ойыншысы С.Аманов атанды. Және Қызыл-Төбелік Б.Сейтмағанбетов көрермен көзайымы номинациясына ие болды. Сонымен қатар Руслан Аманиязов номинациясында «Үздік қақпашы» болып Қарақия командасының қақпашысы Қуаныш Бисенбі иеленіп, оған бұрынғы футбол ойыншысы марқұм Руслан Аманиязовтың туыстары атынан 100.000 теңгенің сертификаты табыс етілді.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Маңғыстауда «Ауыл көшбасшылары» жобасы қорытындыландыТартысты әрі қызықты өткен Халықаралық турнирдің жабылу салтанатында аудандық мәслихат хатшысы А.Мееров, аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысы Д.Атағараев сөз сөйлеп, жеңімпаздарды құттықтады. Осындай іргелі футбол мерекесін өз ауданымызда өткізіліп, оған куә болып жүргеніміз үшін ауданымыздың басшыларына, ел ағаларына айтар алғысымыз шексіз.
Қарақия ауданының ХХІІІ Халықаралық «Әкім кубогі» турнирі жоғары дәрежеде өтіп, тарих парағына енді. Осы орайда ұйымдастырушылар алқасы турнирге жан-жақты қолдау көрсетіп, демеушілік білдірген «АС Құрылыс» ЖШС директоры Ж.Әділбековке, «Алтын Құрық» ЖШС қаржы директоры Қ. Әбдірахмановқа, «Ақ жол құрылыс» ЖШС директоры А.Жолдыбаевқа,
«Оңдасын Строй» ЖШС директоры Б.Боранбаевқа, «ЕрсайКаспианКонтрактор» ЖШС А.Кастаньяға, «ЖетібайМұнайГаз» ӨБ кәсіподақ төрағасы Т.Мысамбаевқа, Маңғыстау облыстық мәслихат депутаты А.Өрісбаевқа, жеке кәсіпкер М.Дүймағанбетоваға алғысын білдіреді.
Фариза РОЗАНҚЫЗЫ