Жуырда Басқұдық ауылындағы №9 орта мектепте Мұнайлы аудандық қазақ күресі және дзюдо федерациясының алғашқы отырысы өткізіліп, аталған жиынға қатысушылар федерация президенттігіне Басқұдық ауылы әкімінің орынбасары Мұрат Жұмабаевты бірауыздан сайлады.
Әлі сиясы кеппеген бұл федерацияның ашылудағы мақсаты - аудан, ауылдарымыздағы жас өрендерге салауатты өмір салтын насихаттау арқылы дене шынықтыруға тарту, қазақ спортының дамуына елеулі үлес қосу болса, тағы бір жағы - спорт «саласынан» хабары бар аға буын өкілдерін сырт қалдырмай сайыстарға қатыстырып, олардың жетістіктерін кейінгі ұрпаққа үлгі етуді көздейді.
Соған сәйкес, 18-19 маусым күндері Ақтау қаласында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен қазақ күресінен ардагерлер арасында 3-облыстық спартакиада өткен болатын. Оған 41-50 жас аралығындағы 90 жоғары салмақ дәрежесінде аудан құрамасы атынан қатысқан Мұрат Жұмабаев 3 орынды еншілеп, қола жүлдегер атанды. Ал, 57-70 жас аралығында 80 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Ысқақ Жолмырзаев 1 орынды иеленіп, алтыннан алқа тақты.
Маңғыстау селосындағы спорт мектебінде еркін күрес жаттықтырушысы, бапкер Ысқақ Жолмырзаевты, бала кезінен қазақ күресімен машықтанып, талай мәрте аудандық, облыстық жарыстардың жеңімпазы атанып жүрген Мұрат Жұмабаевты жүлделі жеңістерімен құттықтап, биік белестерді бағындыра берулеріне тілекшіміз.
Әсел ТАҢАТАРОВА