Бүгін Ақтауда «Лазарь Елмуханбетов Мемориалы» атындағы шахматтан балалар мен жасөсіпірімдер арасындағы 1-ші ашық турнир басталды. Елордамыз Астананың 20 жылдығына арналған жарыс 6-12 шілде аралығында «А», «В» және «С» классикалық шахматтан өтпек.
«Қазақстан Кубогы деңгейіндегі турнирлер Ақтауда соңғы отыз жылда өткізілмегенін атап өту керек. Осы спорт түрін насихаттаушылардың өмірден озуы облыста шахматтың тоқырауына әкеліп соқты. Лазарь Елмұханбетов интеллектуалды ойынды танытуға атсалысты. Оның туыстары, отбасы және әкемді білетін жандар ғана емес, сонымен қатар жас ұрпақтың қолдауымен шахмат ойыны одан әрі насихатталуы тиіс деп шештік», - деді Лазарь Елмуханбетовтың ұлы, ұйымдастыру комитетінің басшысы Нұрлан Лазарұлы.
Турнирді халықаралық деңгейде өткізіліп жатыр деуге негіз бар.
«Бұған дейін шетелдік әріптестерімізбен бірлесіп ойыншылардың виртуалды сайысын ұйымдастырған едік. Осы турнирде Қазақстан мен Әзірбайжан шахматшыларының онлайн-матчы өтеді. Командалық форматтағы сайыстар 6 шілдеде өтеді. Ал, екінші маңызды кездесу 11 шілдеге жоспарланған. Жасөспірімдерге Халықаралық әйелдер гроссмейстері, БҰҰ – ЮНИСЕФ балалар қорының ізгі ниетті елшісі Динара Сәдуақасова шеберлік сыныбы өткізеді», - деді турнирдің директоры Анвар Шайхымов.
Сайыс қорытындысы 12 шілде күні анықталады. Ал жеңімпаздар қомақты жүлдеге ие болмақ.
Асылзат ӨСЕРҚЫЗЫ
Суретті түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="57546,57545,57544,57543,57542"]