Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Ақтөбеде Баһадүр батырды еске алуға арналған әмбебап жекпе-жектен ерлер мен әйелдер арасында республикалық жарыс өтті. «Армысың, айбынды сарбазым!» деген ұранмен өткен Қазақстан Республикасының чемпионатына еліміздің барлық өңірінен жинақталған 200-ге жуық спортшы қатысты. Байрақты бәсекеде Маңғыстау облысының намысын қорғаған, «Жастар» спорт мектебінің балуаны Айболат Мұратұлы (100 келі салмақта) бұл жолы да қарсылас шыдатпады. Балуанымыз дүбірлі додада алтынды иеленіп, жерлестеріне тағы да жеңіс сыйлады. Айболат - бұған дейін Атырауда ересектер арасында спорттық және жауынгерлік самбодан өткен Ел біріншілігінде топ жарып, ҚР-ның чемпионы атағын иеленген болатын.
- Жарысқа қатысуға қолдау көрсеткен Маңғыстау облыстық ішкі істер департаментінің басшысы Қ. Дәлбековке, облыстық спорт басқармасына, белгілі бапкер, спорт жанашыры М. Бисекеновке алғыс айтамын. Ерен ерлігімен тарих төрінен ойып орын алған қаһарман, күллі түркі халқының мақтанышына айналған қазақтың әйгілі батыры, аса көрнекті қолбасшы Жалаңтөс Сейітқұлұлын еске алуға арналған жарысқа қатысып, елге жеңіспен оралғаныма өте қуаныштымын! Мені және Дінмұхаммедті жарысқа белгілі бапкер Сергей Волобуев дайындаған болатын, бапкеріміздің де үмітін ақтадық. Енді ел намысын ағымдағы жылы өтетін Азия, Әлем чемпионаттарында қорғайтын боламын, - дейді Айболат Мұратұлы.
Сонымен қатар, республикалық жарыста 85 келі салмақта маңғыстаулық балуан Асхат Аманов күмісті иеленсе, 65 келі салмақта Дінмұхаммед Ережеп қола медальді қанағат тұтты.
Венера МИРЛАН