Оңтүстік Қазақстан облысының Түркістан қаласында самбо күресінен спорт шеберлері арасында Ел біріншілігі өтті. Жарысқа 35-39 жас аралығындағы балуандар қатысып, боз кілемнің шаңын қақты. Олардың арасында маңғыстаулық балуан Сәндібек Дүйсенбеков та бар. Жарыс қорытындысында Сәндібек күміс медальді иеленіп, өзінің спорттық бабында екенін тағы бір дәлелдеп қайтты.
- Бұл жарысқа мен облыстан жалғыз өзім қатыстым. Сондықтан да намысқа тырысып, жүлделі орыннан көрінуге барымды салдым. Қазіргі таңда мұнай саласында жұмыс жасап жүрсем де, уақыт тауып спортқа көңіл бөліп тұрамын. Жалпы менің спортты жаныма серік еткеніме-25 жыл болыпты. Мені спортқа жетелеген Манарбек Бисекеновке, осы жолы мені самбо күресінен дайындаған белгілі бапкер Берік Жұмағалиевқа алғыс айтамын. Бұл жолы жарыста 68 келі салмақта күрестім. Менің салмағымда 8 балуан болды. Алдымен оңтүстік қазақстандық, жезқазғандық, алматылық балуандардың жауырынын жер иіскетіп, финалға өттім. Алайда финалда алматылық балуанға есемді жіберіп алдым. Екінші орынды иеленіп, жерлестеріме күміс медальды сыйға тарттым. Отбасымда ұлым да спортқа жақын, қызым өнер саласын таңдады. Менің бағындырмаған белестерімді болашақта ұлым бағындырып, елге белгілі спортшы болады деп сенемін,-деген Сәндібек Дүйсенбеков жастарға өмірдің барлық саласында табысты болу үшін спортпен айналысудың пайдасы көп екенін айтты.
Венера МИРЛАН