Маңғыстаулық каратэші Гаухар Чайкузова «China Open» халықаралық турнирінен жеңіспен оралды. Каратэ-додан ересектер арасында өткен жарыста жерлесіміз күміс медальді иеленіп, ел мерейін өсірді. +68 келі салмақта өнер көрсеткен аруымыз 3 кездесуін жеңіспен аяқтап, финалда қарсыласына есесін жіберген. Жалпы жарысқа Қазақстан, Қытай, Иран мемлекеттерінен 200-ден астам каратэші қатысқан.
- Халықаралық турнирде қытайлық 3 қызды жеңіп, финалда ұтылып қалдым. Финалдағы қарсыласым-Қытайдың №1-ші каратэшісі болатын, мен онымен 2015 жылы Жапонияда өткен Азия чемпионатында да финалда кездескен едім... Жалпы бұл турнирден бөлек екі апта оқу-жаттығу жиынына қатысып қайттым. Білікті бапкерлерден дәріс алып, тәжірибе жинақтадым. Енді ағымдағы жылдың шілде айында Кореяда өтетін халықаралық жарысқа, ҚР чемпионатына, тамыз айында Португалияда өтетін Әлем чемпионатына қатысып, ел намысын қорғайтын боламын,-дейді балалар мен жасөспірімдерге арналған «Жастар» спорт мектебінің әдіскер-нұсқаушысы әрі каратэші ару Гаухар Чайкузова.
Спортқа он жасында келген аруымыз республикалық жарыстарды былай қойғанда халықаралық бәсекелерде ел намысын абыроймен қорғап, өзге мемлекеттерде еліміздің әнұранын асқақтатып, көк байрағын желбіреткен. 2009 жылы Душанбіде өткен Орталық Азия чемпионатында, Грузияда өткен «Президент кубогінде», Малайзияда өткен халықаралық жарыста, Стамбулда ұйымдастырылған «Опен Түркия» халықаралық турнирінде, Тәжікстанда ересектер мен жасөспірімдер арасында өткен Орталық Азия чемпионатарында топ жарып, алтыннан алқа таққан. Сондай-ақ, Қытайда өткен Азия чемпионатында 2-орынды еншілеп, күмісті місе тұтса, Жапонияда ересектер арасында өткен Азия чемпионатында 3-орыннан көрінген. Осылайша, каратэ-додан халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанған.
Венера МИРЛАН