Ұлттық спортты дамытып, талантты жастарды қазақ күресіне баулу мақсатында Мұнайлы ауданында қазақ күресі федерациясы ашылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Жиынға облыстық қазақ күресі федерациясының басшысы Сағынғали Қылышбаев, Басқұдық ауылдық БЖСМ басшысы Өтеген Сабытаев, Мұнайлы ауданы қазақ күресі федерациясының президенті Нұрхан Мұстафаев, қазақ күресінен Азия чемпионы, ересектер арасында Қазақстанның төрт дүркін чемпионы Әділ Темірханұлы мен ауданның қазақ күресі жаттықтырушылары қатысты.
“Жастарды спортқа баулып, салауатты өмір салтын қалыптастыру және ұлттық спортты дамыту - басты мақсатымыз. Ашылған федерация үлкен жұмыстың бастауы ғана. Көптен ойда жүрген мәселені іске асыруға көмек көрсеткен және ашылуына бірден-бір себепкер болған облыстық федерация басшылығына, ұлт спорты жанашырларына алғыс білдіремін. Енді жаңа федерация ауданда қазақ күресінің дамуына жол ашып, талай игі істерді атқарады деген ойдамын, - деді Басқұдық ауылдық БЖСМ басшысы Өтеген Сабытаев.
Содан кейін сөз алған аудандық қазақ күресі федерациясының президенті Нұрхан Мұстафаев аудан жастарын спортқа баулуға және қазақ күресін дамытуға күш салатынын жеткізді.
Қонақтар аудандық спорт мектебінің жас спортшыларының өнерін тамашалап, мектептің жұмысымен танысты.