Өрттен құтқару спорты бойынша ерлер арасында 24-ші жазғы республикалық және 4-ші жазғы чемпионатының өткізілуі қарсаңында жуырда Құрық спорт кешенінде Маңғыстау гарнизонының өрт сөндіруші командалары арасында өрттен құтқару спортынан екі күнге созылған облыстық деңгейдегі жарыс өткізілді.
Үздік атағын иемдену үшін 12 өрт сөндіру командалары сайыс көрігін қыздырды. Бұл жарыс Маңғыстау облысында өрт сөндіру қолданбалы спортын өркендету, сонымен қатар азаматтық қорғау жауынгерлерінің кәсіби және спорттық шеберліктерін жетілдіру мақсатында ұйымдастырылды. Қатысушы командалар жарыс ережесіне сәйкес оқу мұнарасының жоғарғы қабатының терезесіне шабуыл сатысымен көтерілу, 4*100 метрлік өрт сөндіру эстафетасы, жауынгерлік қанат жаю, 100 метрлік кедергілері бар жолақтан өтуден сайысқа түсті. Шара мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің алаңында қатысушыларды салтанатты сапқа тұрғызу рәсімінен бастау алды. Құрметті сапқа тұрғызылған командалар алдында облыстық төтенше жағдайлар, өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің бастығы, азаматтық қорғау майоры Е.Мәуленов сөз сөйлеп, жарыстың әділ, қызу тартысқа толы жағдайда өтуіне тілектестік білдірді. Сонымен қатар басшы: «Жарыстың негізгі мақсаты-құтқарушылардың физикалық дайындық деңгейін көтеру және оны әрі қарай жетілдіру, өрттен құтқару жарақтарымен жұмыстану тәжрибелерін қолдану мақсатында бөлімшелердің жауынгерлік қабілетін тексеру. Сіздердің сол мақсат үдесінен шығатындарыңызға сенімдімін!» - деді.
Жарыстың ең көркем де жауапты кезеңі-оқу мұнарасының жоғарғы қабатының терезесіне шабуыл сатысымен көтерілу болды. «Старт» дабылынан кейін иығына шабуыл сатысын асқан шабуылдаушы мұнараға дейін жүгіріп өтіп, әр қабатының терезе жақтауларына сатыны бекіте отырып көтерілуі тиіс болатын. Содан кейін ол жоғарғы қабаттан аралық пластиналарды баса отырып мәреге жетеді. Бұл кезеңде қатысушылар үшін әрбір секунд шешуші рөл атқарды. Өрт сөндірушілер өрттен құтқару спортының ең күрделілерінің бірі - 4*100 метрлік эстафеталық жарыста және қалған екі жарыс түрінен жақсы нәтижелерге қол жеткізді.
Қобалжуға толы сәттер ақтық минуттарға дейін созылды. Жарыс қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте 2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері топ жарса, екінші орынға №13 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің өкілдері ие болды. Жүлделі үшінші орын №8 өрт сөндіру бөлімінің еншісіне жазылды.
Жарыс жеңімпазы мен жүлдегер командаларға диплом, кубок, ақшалай сыйлық табысталды.
Жалғас БЕРДІМҰРАТҰЛЫ, «Қарақия» газеті