Семей қаласынан жүлделі оралған жаңаөзендік спортшыларды №2 балалар, жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Берік Ахметов, мектеп ұжымы, ата-аналар, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары зор қошеметпен қарсы алды. Жас спортшыларымыз пауэрлифтингтен балалар және жасөспірімдер арасында өткен Қазақстан Чемпионатына қатысып қайтқан еді. - Шілде айының басында өткен жарысқа қаламыздан 7 спортшы және осы спорт түрімен өздері айналыстан 3 бапкер аттанды. Қуанышымызға орай, жеті спортшымыздың жетеуі де жүлделі орындардан көрінді. І, ІІ орын иегерлері. Бұл біз үшін үлкен жетістік. Себебі, пауэрлифтингтен Маңғыстау федерациясы ашылғанына небәрі 7-ақ жыл болды. Бізге спорттық зал бөлінді. Аз уақыттың ішінде, басқа облыстарға қарағанда жақсы нәтиже көрсетіп жатырмыз, - дейді жаттықтырушы Сәдуақас Салауатов. Жарысқа қатысқан жаңаөзендік топтың құрамындағы 32-36 салмақ дәрежесінде Саламат Үсенбаев пен Наурызбек Орақбаев пауэрлифтинг спортының үш жаттығуы, олар штанганы иыққа салып отырып тұру, жатып көтеру, жерден тарту және бөлек жатып көтеру сайысында екі бірдей алтын медальді иеленген. Сондай-ақ, 66 салмақ дәрежесінде Сүндет Әбдіхалықов та І орыннан көрініп, ал Томирис Корниенко Азия Чемпионатына жолдама иегері атанған. - Жатып сығындап көтеруден 87 келіні бағындырып 1-ші орын, ал күш бойынша үш жарыстан жалпы 280 келіні көтеріп 2-ші орынды иелендім. Жалпы, Семей қаласында Азия чемпионатына іріктеу өтіп, сол жарысқа Маңғыстау облысы бойынша жолдама маған берілді. Былтыр Ташкентте өткен жарыста бас жүлдені иеленген болатынмын. Өткен жылғы жетістігімді тағы қайталауға бар күш-жігерімді саламын, - дейді Т.Корниенко. Жаңаөзен қаласында пауэрлифтинг спорт түріне қатысатын жетпіске жуық ұлдың арасында жалғыз ару Томирис осы спорт түріне келгеніне бар-жоғы 1 жылдай уақыт болыпты. Алғашында достарының шақыруымен байқап көруге келіскен ол, кейін зіл көте- руге қызығушылығы оянып, пауэрлифтингпен айналысуды шешеді. Қазіргі таңда, Томиристің алға қойған арман жоспарлары жетерлік. Оның ішінде, ел сенімін Азия Чемпионатында ақтап шығу болса, тағы бірі жоғары оқу орнында алатын мамандығын да спорт саласымен байланыстырып, халықаралық, әлемдік дәрежедегі жарыстарда қазақ елінің атын таныту болып отыр.
Қали СӘРСЕНБАЕВ, ата-ана:
- Бүгін інімнің ұлы Саламат Үсенбаевты күтіп алу шарасына келіп отырмын. Әкесі Ерғали жұмыста болып қатыса алмады. Кішкентай Саламатымның жеткен әрбір жетістігіне үнемі қуанып жүремін. Ол жарысқа барып, жүлдесін алып келгенінде менің де марапатым әзір тұрады. Өзімен құрдас досына еріп осы спортқа қатысқаны әлі есімде. Содан бері үш жыл зулап өте шығыпты. Саламатыма және барша спортшыларға өмірде де, спортта мұқалмай, тек алға қарай шарықтаңдар деймін. Жетер жетістіктері алда болғай!
Жазира АҚБЕРГЕНОВА