Ақтау қаласындағы «Каспий» спорт кешенінде өтіп жатқан Маңғыстау облыстық самбо федерациясының жүлдесіне арналған «Ақтау кубогі» халықаралық турнирі мәресіне жетті. Жарыстың екінші күні 2005-2007 жылы туған жасөспірімдер арасында өтті.
Боз кілемге 42 келі салмақта шыққан қарақиялық Диас Бейбітұлы, +46 келі салмақта Маңғыстау ауданының балуаны Бейбіт Мұрат, 32 келі салмақта «Қарагөз» спорт мектебінің спортшысы Диас Жолдыбаев алтынды иеленіп, жарыс жеңімпазы атанды. Сондай-ақ, маңғыстаулық 5 балуан күміс және 13 балуан қола медальдарды еншіледі. Халықаралық турнирдің қорытындысында облыс қоржыны 12 алтын, 15 күміс және 19 қола медальдармен толықты.
Енді маңғыстаулық дзюдошылар 14-15 мамырда халық батыры «Ер Қосай Құдайкеұлы» атындағы халықаралық турнирде бақтарын сынайтын болады. Жарыс 1-шағынаудандағы «Каспий» спорт кешенінде өтеді.
- «Ер Қосай Құдайкеұлы» атындағы дзюдодан халықаралық турнир биыл сегізінші рет ұйымдастырылып отыр. Соңғы жылдары турниріміз қанатын кеңге жайып, географиялық тұрғыдан өсті. Биыл бетпе-бет кездесуде облыстан 5 салмақ бойынша балуандарымыз шығады. Оған Маңғыстау облысының және Ақтау қаласының арнайы жасақталған құрамасы да қатысатын болады. «Жастар» спорт мектебінің командасында 55 келі салмақта Нұрболат Сеңғалиұлы, 60 келі салмақта Бауыржан Сағынғалиұлы, 66 келі салмақта Сұңғат Жұбатқан, 73 келі салмақта Руслан Мұсаев және аса ауыр салмақта Ақылбек Айжарықов күресетін болады. Маңғыстау облысының командасы сапында 55 келі салмақта Бауыржан Нарбаев, 60 келі салмақта Рамазан Мамаев, 66 келі салмақта Бағдат Ерғазы, 73 келі салмақта Қанағат Қойжан, аса ауыр салмақта Расул Әбдіхалық күреседі. Жарысқа балуандары белгілі бапкер Сергей Волобуев дайындауда. Облыстың құрама командасының 95 пайызын осы «Жастар» спорт мектебінің балуандары құрап отырғанын айта кеткім келеді, - дейді балалар мен жасөспірімдерге арналған «Жастар» спорт мектебінің директоры Манарбек Бисекенов.
Венера МИРЛАН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="2926,2923"]