Қарағанды облысының Сатпаев қаласында академик Қаныш Сәтпаевты еске алуға арналған дзюдо күресінен халықаралық турнир мәресіне жетті. Байрақты бәсекеден жерлесіміз, балалар мен жасөспірімдерге арналған «Жастар» спорт мектебінің дзюдошысы Сұңғат Жұбатқан (66 келі салмақта) топ жарып, чемпион атанып, алтыннан алқа тақты.
5 мен 7 мамыр аралығында өткен халықаралық додаға Қазақстанның барлық аймағынан және Қырғызстан мемлекетінен 250 спортшы қатысты. Жарыс 1998-1999 жылы туған жасөспірімдер арасында дзюдо күресінен өтті. Боз кілемге 66 келі салмақта шыққан жерлесіміз Сұңғат Жұбатқан 5 белдесу өткізіп, барлық қарсыластарын ойсырата ұтып, жеңіс тұғырынан көрінді.
-Алғашқы кездесу Шығыс Қазақстан облысының спортшысымен өтті, одан кейін алматылық, қарағандылық, алматылық балуандарды жеңіп, ақтық сынға жолдама алдым. Шешуші сәтте жезқазғандық балуанның жауырынын жер иіскетіп, жарыстың чемпионы атандым. Ел қоржынын алтынмен толықтырып, жеңіске жеткенім үшін өте қуаныштымын! Енді мені жақын арада өзіміздің облысымызда өтетін «Ер Қосай Құдайкеұлы» атындағы халықаралық турнир күтіп тұр. Одан бөлек биыл қазан айында Румынияда өтетін Әлем чемпионатына қатысып, өңір намысын қорғайтын боламын,-дейді Сұңғат Жұбатқан.
18 жасар Сұңғат бұған дейін самбо күресінен Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, дзюдодан Қазақстанның үш дүркін чемпионы және Азия чемпионы атағын иеленген болатын.
Венера МИРЛАН