Ақтауда 17-22 желтоқсан күндері дзюдодан ерлер мен әйелдер арасындағы Қазақстан чемпионаты өтеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.
Ел біріншілігі санитарлық талаптарға сай және жанкүйерсіз өтеді.
Сондай-ақ, чемпионатта кейбір спортшылар жаңа салмақта бақ сынайды. Бұл туралы Қазақстан ерлер ұлттық құрамасының бас бапкері Ғалымжан Жылгелдиев айтты.
Ел біріншілігі біз үшін ең маңызды дода болмақ. Себебі, осы біріншілік нәтижесінде ұлттық құрамаға мықты деп танылған балуандар іріктеледі. Қазақстан чемпионатына ұлттық құрама сапындағы барлық спортшы қатысады. Десе де, қаңтар айында өтетін әлемдік ірі додаға дайындалуына байланысты спортшылардың салмақ дәрежелерінде өзгерістер болады. Мәселен, осы күнге дейін 60 келіде ел намысын қорғап жүрген Ғұсман Қырғызбаев Ақтау татамиіне 66 келіде шығады. Ал дәл осы салмақта команда лидері Елдос Сметов қазіргі таңда денсаулығын қалпына келтіру мақсатында емдік шаралар қабылдап жүр, денсаулығына байланысты ол біріншіліктен босатылады. 66 келіде күресіп жүрген Елдос Жұмақанов пен Ерлан Серікжанов та бір салмақ жоғары салмақ дәрежесінде, яғни 73 келіде белдеседі. Ал Жансай Смағұлов өз салмақ дәрежесінде, 73 келіде қатысады.
Дидар Хамза 90 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде күреседі. Өздеріңіз білетіндей, ол осыған дейін 81 келіде белдесетін. Ал Руслан Мұсаев өз салмақ дәрежесін сақтап қалды. Осы уақытқа дейін 90 келіде күресіп жүрген тәжірибелі дзюдошы Ислам Бозбаев ел біріншілігінде 100 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бақ сынайды. Айбек Серікбаев пен Виктор Демьяненко да 100 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде белдеседі. Аса ауыр салмақтағы қос дзюдошы Ерасыл Қажыбаев пен Ғалымжан Қырықбай өз салмақ дәрежелерінде, атап айтқанда, 100 келіден жоғары салмақта Ақтау татамиіне шығады.
Бүгінде жастар құрамасын жаттықтырып отырған Азамат Мұқанов пен Айбек Имашевтің шәкірттері де ел біріншілігіне қатысады. Дзюдодан жастар арасында да мықты спортшылар бар. Чемпионатта топ жарып, ұлттық құрамаға ілінген спортшыларды біз келесі Олимпиадалық кезеңге дайындаймыз. Токио Олимпиадасына дейін санаулы жарыс қана қалды. Өздеріңіз білесіздер, дзюдодан Олимпиадаға жолдама ұпай сандарына, рейтингтегі орнына байланысты үлестіріледі.
Биылғы біріншілік нәтижесінде құрамаға енген спортшылар үшін жолдама жолындағы талас тартысты болмақ және де тиісті ұпайды жинауға уақыт жетпей қалуы мүмкін деп ойлаймын. Сондықтан, ұлттық құрамадағы бірінші нөмерлі спортшылардың Олимпиадалық рейтингтегі жоғары орындарын мейілінше сақтап қалуға тырысамыз. Дзюдода Олимпиадаға жолдама алу - бір турнирде ғана емес, жалпы бір олимпиадалық кезеңде тынбай еңбек етуді талап етеді. Сол себепті, жас спортшыларды келесі кезеңге, яғни 2024 жылы Парижде өтетін Олимпиада ойындарына дайындаймыз, - дейді Қазақстан ерлер ұлттық құрамасының бас бапкері Ғалымжан Жылгелдиев.