©
Уақыт шіркін зырлап өтіп жатыр. Міне, биыл 2019 жылға қадам бастық. Бұл жыл дөңгелек жасқа толатындардың да жылы болмақ. Соның ішінде бір тұлғаны бөліп айтсақ, Сержан Шәкірат 80 жасқа келеді. Міне, бүгін сол аға жөнінде Светқали Нұржан айтқандай, «күй құтпаны» болып Маңғыстау домбырасының бағына жаралған жайсаң жан туралы қалам тартпақпыз. 1933 жылы Маңғыстауда көптен бері күткен облыстық өнер колледжі ашылды. Мен Ақтауда одан үш жыл бұрын құрылған қазақ музыка мектебінде директор едім, енді жаңа колледж басшылығына шақырылдым. Мені әуелден бір мәселе қатты ойландыратын. Ол – Маңғыстаудың дәстүрлі өнері, керемет күйлері, ән-жырлары. Олар басқа өңірлерге қарағанда өзгеше, тіпті сыр-сипаты басқаша. Мұны ұлы Ахаң, Ахмет Жұбанов кезінде айтып кеткен және өз алдына бір мектеп деп бағалаған. Сол өнер өз жеріміз де көрініп жүргені болмаса, республикаға таралмай жатты. Адайдың арынды, сазды күйлерінің бүкіл елімізде танылмауы алды мен өнерге, өлі мен тіріге де сын еді. Енді, міне, құдай беріп, өз өнер колледжіміз барда жастарға сол құндылықтарды оқыту мәселесі көкейге қонып, оны іске асырудың қолайлы шешімін іздедім. Ол күйлерді кім үйретіп оқытады? Сол тұста Маңғыстау күйлерінің туын көтеріп, өзінен бұрынғы дүниеден өткен майталмандар Шамғұл Ыбырайымов, Мұрат Өскінбаев, Алым Жаңбыршиндердің эстафета, шылбыр тізгініне ие болып қалған Сержан Шәкірат бар еді. Ол сол мезгілдерде өзінің шырқау биігінде қалқып, республика сахналарында көрініп, шетелдерге шығып, өнерсүйер қауымға аса танымал болған. Міне, осы жүйрік ағаны колледжге қуана-қуана шақырдық. Ал ол нота білмейді! Ата-баба дәстүрі бойынша сан ғасырдан келе жатқан дүниелерді алдындағылардан бойына сіңіріп ала берген. Осындай, біреулер теңегендей «сауатсыз профессор», «дала академигін» колледжге келтіруге бола ма? Болғанда қандай! Менің көрген тәжірибемде, консерваторияда нота білмейтін ағалар студенттерге дәріс беріп жүрді. Мәселен, Қали Жантілеуов, Дәулет Мықтыбаевтар талай жылдар нотасызақ сабақ жүргізді. Міне, мен осыны алға тартып, облыстық білім басқармасынан рұқсат сұрадым және министрліктің келісімін алдым. Сөйтіп, колледжде әдейі Серағаңа арналған «Маңғыстау саздары» атты пән аштық. Содан Серағаң ширек ғасырдай колледжде тер төгіп, еңбек етті. Жеткен жемістері ұшан-теңіз. Сан-сапат шәкірттері Маңғыстау күйлерінің шеберлері болып, өнерді ілгері тартты. Әрине, алғашқы кезде қиындау болды. Себебі қолмен, дыбыспен үйретуге балалардың көбісі жарамады. Ерекше құйма құлақ талантты жастар жоқтың қасы. Тіпті бүгін үйреткенді ертең ұмытып, ауыздары аңқайып отыратындар көп болды. Сондықтан да күйлерді нотаға түсіріп, соны көрсете отырып, қолмен, дыбыспен үйрету өте пайдалы екендігін есепке алмай болмайды. Күйлерді нотаға түсіруді белгілі қайраткер Айтберген Жаңбыршы іске асырды. Сөз арасында айта кетейін, мен Серағаңнан: «Осы нота деген қиын емес, неге үйреніп алмадың?» деп сұрадым. Ол: «Маған «запрет» болды ғой, – деді. – Алматыға бір келгенімде Муханбетова, Еламанова, Өтегалиева сынды теоретик ғалымдармен кездестім. Оларға нотаны үйреніп алайын деп мен де айттым. Олар шошып кетті: «Ойбай, нотаға жоламаңыз! Сіз халықтық, табиғи тұлғасыз, ал нота сізді бүлдіреді. Ондай ойды қойыңыз!» деді. Міне, содан осылай келе жатырмын», – дейді күйші күлімдеп. Оның қара домбырасымен шетелдерге баруының өзі бір тарих. Францияға үш рет, Италияға, Швейцарияға, Испанияға, Бельгияға, Түркияға және Америкаға шақырылып, концерттерге қатысып, Маңғыстау күйлерін паш етті. Сапарлас болған домбырашы досы Абдулхамит Райымбергеновтің айтуынша, Парижге бір барғандарында концерт болатын театрдың алдында бұлар жөнінде үлкен афиша тұрған. Онда тік тұрған домбырада саусақтары сүйріктей екі қол көз тартады. «Бұл өзіміз күнде көріп жүрген Серағаның қолдары екенін бірден таныдық. Сірә, бұрын келгендерінде түсіріп алған сурет болса керек. Концерттен кейін бір көрермен әйел: «Мен сіздің қолдарыңызға ғашық болдым» деп ілтипат білдірген. Сонда әзілкеш Сәкең: «Көрдіңіз бе, бұлар менің қолдарымды ғана афишаға түсіреді және оған ғашық та болады. Ал өзіңе ғашықпын деп біреуі айтпайды» деп күлдірді». Ол жөнінде кезінде Абдулхамит «Серағаның қолдары» деген мақала да жазды. Сол концертті Франция президенті Жак Ширак көрсе керек. Кейін Нұрсұлтан Әбішұлымен бір кездесу сәтінде «Сіздің Қазақстанның Маңғыстау деген жерінен келген екі ішекті аспапта ойнаған өнерпазды көрдім» деп мақтапты. Ол кезде біздің Президент Сәкеңді біліңкіремейді, келгеннен кейін «ол кім?» деп Әбіштен сұрайды. Әрине, Әбекең күйшіні сырттай толық таныстырған. Бұл әңгімені Серағаң Әбішке сәлемдесе барып, үйінің қақ төрінде отырғанда Әбіштің өз аузынан естіді. Бірге барған жерлестері куә, ішінде Светқали да бар. - Сонда Франция президентін таңғалдырғандай қандай күйлер тартып едің? деген сұрақ қойылады ғой, сірә. - Көп күйлер тартылды ғой. Егер ол кісі күйдің үніне емес, қолдың қимылына таңданса, «Кербез керік» пен «Терісқақпай», не «Бөгелек» болуы мүмкін, – дейді домбырашы. Серағаңда өнер көп. Ол тек домбырамен ғана белгілі емес, әзілкеш сатириктігімен де мәлім. Маман журналист болғанда қалам тарту бағыты – күлкі, әзілсықақ, фельотон жазу еді. Қазір сол тақырыптарда жарық көрген үш кітабы бар: «Күте тұрыңыз», «Маңғыстау күлкісі – 1», «Маңғыстау күлкісі – 2». Ол жеке концерт қойғанда, тек күймен шектелмейді, арасында қызықты әзілдер айтып, жұртты күлкіге батырады. Оның сурет салуға да бейімі баршылық. Тек онымен дұрыс шұғылданбай, дамытпай қойғаны өкінішті-ақ. «Бәр-бәріне уақыт жоқ» деп өзін-өзі алдарқатады. «Көп нәрсенің басын ұстағаннан оның тек біреуіне шын берілу керек» дегенді ұстанып, домбыраны жақтап кеткен сыңайлы. Серағаңның арқасында Маңғыстау күйлері бүкіл еліміздің түкпір-түкпірінде шарықтап кетті. Оның қол қимылын, ерекше қағыс мәнерін меңгерген жастар оны мақтан етеді. Ағаларына ілтипат білдіріп, құрмет көрсетеді. Олардың ішіндегі айрықша көрінген шебер шәкірті – қазір Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық оркестрінің бас дирижері Абылай Тілепбергенов. Ол – Маңғыстау күйлерін ағасынша тартатындардың маңдай алдысы. Сержан аға тек күйлер ғана тартпай, адайдың жыр-терме саздарын да керемет орындайды. Бірде Алматыдан Қабиболла Сыдиықов ағасы келіп, оның қолынан сол жыр, күйлердің жиырма шақтысын жазып алған. Сол сапарда ғалым аға күйшіге мынадай өтініш айтыпты: - Сержан, сен Маңғыстаудың жыр әуендерін майын тамызып, тамаша орындап отырсың. Осылай тарта білгенде олардың әндерін де шырқамауың мүмкін емес. Кәнеки, әндетші. - Қабеке, мен әнге жоқпын. Саздарды өте ұнатамын. Бірақ әнші емеспін. «Ұялмаған әнші болады» деген бар, ал мен ұяламын ғой. Қазір ұятсыз әншілер көбейіп кетті, олардан құдай сақтасын! – депті Сері ағамыз. Шынында да, нота деген – шығарманың сұлбасы, жобасы, яғни сызбасы, ал оны шынайы дүниеге айналдыратын, көркем күйге келтіретін – орындаушы музыкант. Ал әркім әртүрлі орындайды. Нота бірдей болғанмен шеберлік әр қилы. Мәселен, құрғақ нотамен тартатын домбырашы мен Серағаның орындауын салыстырсаңыз, білесіз. Біздің байқағанымыздай, Серағаң саусақтарында нотаға түспейтін қимылдар бар, оларды әлі түсіну керек. Бір қуанышымыз – Серағаңның жеке орындауындағы күйлердің оркестрге түсуі. Оларды дүлдүл дирижер Айтқали Жайымов оркестрге түсірген. «Ақжарма», «Күй басы», т.б. күйлердің Астана және біздің Абыл атындағы оркестрлерде орындалуы – аңсаған жетістіктеріміз. Бұл үрдіс әрі қарай жалғаса береді деген сенімдеміз. Серағаң қазір сексеннің сеңгіріне шығып, құрметті демалыста. Ардақты ағамыз өз колледжімен байланысты үзбей, өнерінің өрнегін жастар легіне көрсетіп тұрады. Сексенге толған өнердің өз адамы – атақты күйші ағамыздың әлі де халқының ортасын да күй шертіп, ұзақ ғұмыр сүре беруіне тілектеспіз. Тағы да бір-екі ондықты еңсеріп, елінің қадірлі қариясы бола бергей!..Аманбек СҮНДЕТОВ, ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері, консерваторияның құрметті профессоры