Ақын, сыншы, журналист, педагог және сазгер Мырзатай Үйсінбайұлы Болат 1947 жылдың 12 қарашасында Маңғыстау ауданының Тұщықұдық ауылында туған.
М.Ү.Болаттың өлеңдері әр жылдарда Республикалық газет-журналдарда жарық көріп, ақындардың «Қарлығаш» (1981 ж.) «Жыр – моншақ» (2003 ж.) жинақтарына, сондай-ақ, мектеп оқушыларына арналған «Маңғыстау әдебиеті» (2008 ж.) атты хрестоматияға енеді.
М.Ү.Болат – үш кітап шығарған қаламгер. Оның 2009 жылы Алматыда «Бабамұра-М» баспасынан «Бір арман» атты жыр жинағы шыққан. Ақынның поэзиясын Өтежан Нұрғалиев, Қадыр Мырзалиев секілді қазақтың классик- ақындары жоғары бағалаған. Ол – әдебиет пен өнер сынына да араласып жүр. Оның дәлелі – 2010 жылы «Оқшау сөз» деген атпен жарық көрген сын кітабы. Сондай-ақ әлемге әйгілі австриялық жазушы Стефан Цвейгтің 7 новелласын қазақ тіліне аударып, «Бейтаныс әйел» атты жинақ шығарды.
Ойымда тек бір Алла!..
Өмір деген – жұмбағы көп шығарма... Дайын тұрар мендейлерді сынарға!.. Ақша қуған қу заманның ажарын – Ақын сорлы бұл тірлікте ұғар ма?!. Өмір деген – жұмбағы көп шығарма... Жұмбағыңда – батпан бақыт тұрар ма?.. Нан-шайымнан артылмайды алғаным – Қысыламын одан көпті сұрарға!.. Өмір деген – жұмбағы көп шығарма... Ой таппайсың олай-бұлай бұрарға!.. Пысық болсаң – келтірер ең ретін, Жуас сорлы!.. Дымыңды енді шығарма!..Өмір солай – жұмбағы көп шығарма... Кітаптарым – қалың жұртқа ұнар ма?.. Менің үшін дүн-дүнияң сиықсыз – Ойымда тек – Өлеңім мен бір Алла!..
Қаңтар – 2014
Пенделікке оқ аттым!..
Қызғаныш қой – аты мәлім Қызыл Ит!.. Босына үрсе – қайдан болсын түзу Ит!.. Әлмисақтан адамзатпен бір туған – Туа сала туысына ұмтылған!.. Бір азғантай сыр айтайын сендерге: Отыз бестің шамасына келгенде – Қызғаныштың бұғауынан босандым... Кісіліктің киесінен от алдым!.. Отыз бестің биігіне келгенде... Ақындық пен ой маржанын тергенде – Құдайым-ау!.. Жерім менің кеңіді – Бірте-бірте пенделігім кеміді!.. Жастығымда сабыр – құсым оңалмай – Жүріп қалдым көкіректі жеңе алмай!.. «Өзгеріске қалай келдің?» - дедің бе?.. «Қызыл Итті қалай жеңдің?» дедің бе?.. Ақындардың асып тұрған дарынын, Білімдінің ақылы мен жалынын – Бәрін-бәрін мойындауға үйрендім... Адамдармен туысырақ күйге ендім... Мұның бәрі оңай емес пендеге... Сабыр қылсаң – сен келерсің жөнге де!.. Отыз бесте – пенделікке оқ аттым... Қызғаныштың Қызыл Итін жоғалттым!..Шілде – 2015
Жақсылық пен жамандық
«Туыспайды жақсылық пен жамандық!.. Жуыспайды сақилық пен сараңдық!.. Бұлар мүлдем қиыспайды!..» – деуші едім... «Бірі-бірімен сыйыспайды!..» – деуші едім. Мұның сырын жастығымда білмеппін – Қауағыма құпиясын ілмеппін!.. Тірлігіңді күрт өзгертсе Құдайың – Өзгерістің байқамассың сылайын*!.. Пендеңіздің басына ауыр іс түссе – Ағайынның жүйкесіне күш түссе!.. Жағаласып-сабаласып жүргендер – Қысқа күнде абаласып жүргендер!.. Ылдым-жылдым жуысып та кетер-ау!.. Қапелімде ұғысып та кетер-ау!.. Қиын күндер уақытша ғой – өтер-ау... Күлкі-тірлік қайта айналып жетер-ау!.. Әлгі айтқаным: жақсылық пен жамандық... Туыспайтын адалдық пен қараулық – Аяқ асты сырт берер-ді суынып – Енді қайтып көрмейтіндей шығынып!.. Бұл тіршілік осыменен тоқтай ма?.. Өмір сыны қайта айналып соқпай ма?.. Адам шіркін күліп, бірде жылайды – Бірде ескеріп, бірде ұмытар Құдайды!.. Сылайын* – «бағытын, жұмбағын» деген мағынада.Шілде – 2015
Хокусайдың арманы
Хокусай сан* жапондардың көзі еді – Даңқы шыққан суретшінің өзі еді!.. Өмірбақи салған екен құстарды – Қанаттылар болып арман-өзегі!.. Хокусай сан салса-дағы мың құсты – Арманындай сала алмапты бір құсты!.. Дейді екен ол: «Ұқсата алмай келемін – Қиялымды аялаған шын құсты!..» Сексен жаста сол Хокусай қария – Арман – тілек онда жатқан дария!.. Дейді екен ол: «Шеберленіп келемін – Нәтижесін қылармын-ау жария!..» Хокусай шал сұлулыққа тоймаған – Өнерінің мәңгілігін ойлаған!.. Оның үшін құр атақтың мәні жоқ – Құстарына сұқтануын қоймаған!.. Ақын болып жаратыппын жүз өлең – Елуімде биікке бет түзегем!.. Жетпісімде жазсам жүйрік жеті өлең – Бұл шимайдан* шылбырымды үзер ем!.. Ерінбеші!.. Аспанда емес шеберлік!.. Жүзе білсең – бойлатпай ма тереңдік?.. Хокусайша жүз ойланам: «Не бердік?!. Жеткізер ме кемеңгерлік – кемелдік?!»Сан* – «мырза» деген мағынада. Шимай* – «жазу» деген мағынада.
Махаббат
Таусылғанда өз қызығы, өз әні – Білесің бе, махаббат та тозады!.. Қалар, бәлкім, естелігі – тозаңы... Кейбіреулер – осыны құр созады!.. Махаббаттың соңғы жағы – өтірік... Тозған сезім – жалған сөйлер көпіріп!.. Махаббатта: күз де, қыс та, жаз да жоқ – Жалғыз маусым!.. Жалқы көктем!.. Жанған от!.. Күпірлік қой: «Өмірбақи сүйдім!..» деу, «Ғашық болып, Мәжнүндей күйдім!..» деу. Ләйлісіне – оның қолы жетпеген, Қолы жетсе – бірдей болар көппенен!.. Махаббаттың қысқа, сірә, өмірі, Адамдарды сүйрейтіні – көңілі!.. Бұзылғаны кемпір-шалдың сәлемі – Бір-бірінен жалықанның әлегі!.. Ғашық болған Гете* сексен жасында – Жас сұлуға есі кеткен, расында!.. Білмейміз ғой қарт ақынның өткенін – Асықтықтан қанша қызды өпкенін!.. Салуалы* адам – елікпейді құр сөзге... Ойнасшылдар – тұлға болмас бұл сөзге!.. Тарқағанда махаббаттың базары – Пенде шіркін шырқ айналып қалады!.. Өлмес ешкім ғашық оты сөнгенде... Қайта гүлдер – тың махаббат келгенде!.. Оның өзі – ғұмырыңа жетпейді... Адам да ағаш – қайта-қайта көктейді!..Қазан – 2015
Жартыбас (Әзіл-шыны аралас)
Білсең ғой, сегіз жылдан жарты – басым!.. Ұзарды жартымен-ақ ғұмыр – жасым!.. Мен қатар инсульт соққан бірталай жан – «Үңгуде» Жетібайдың ұлутасын!..
Бұйрықсыз – кезек күтпей өлемін бе?.. Алланың өлшеулісін көремін де!.. Медет* - дос әзілімен күлдірді ғой – Қайратты «Қайрау» деген өлеңінде. Жартының жаны тәтті – сақ болады-ау!.. Жыбырлап жүргеніне – шат болады-ау!.. Жетерміз «үңгуге» де бұйыртқан Күн – Әзірге осы күйім тақ* болады-ау!.. Тындырдым біраз шаруа, шүкір-шүкір!.. Жырыма – нүктесі жоқ қойдым үтір!.. Бүтіннің жарты баспен сөзін айттым... Ақынға құр жатпаған – түкір-түкір!..Медет* – бүгінгі Маңғыстаудың аз ғана талантты ақындарының бірі Медет Дүйсенов. Тақ* – «дұрыс, дәл, өлшегендей» деген мағынада.
Жаңғырық
(Әбіш ағам рухына)
Ол жылдарда бозбаламын – шыбықпын... Ширай келе сөз өнерін шын ұқтым!.. Өлеңімде көсем еді Абайым – Қарасөзде жетпеуші еді бір ұстын!..
Сол ұстынды: «Әбіш-ау!..» - деп ұғыппын... Жазғанынан аз ғана бір сыр ұқтым!.. Төрт қайтара бір «Аңыздың ақырын» Оқып едім – одан бетер құнықтым!.. Пәлсапаңнан нені айырып біліппін?.. «Шыңырауға» – есім кетіп жүріппін!.. «Тасбақаның шөбін» көріп – таң қалдым!.. Содан шығар, жаным таза – тұнықпын!.. Деп жүргенде: «Жаным жайлау – дұрыспын!..» Әбіш өліп... лайланды тыныш Күн!.. Ағам кетіп – жетім қалды шал-басым... Жетімдерге, дүние, не еткен суықсың!.. Шүкір еттім – жыламауға тырыстым... Жыламадым!.. Үсті-үстіне мұң іштім!.. «Одан басқа бұл қазақта кім бар-ау?.. Кім бар?.. Кім бар?..» Жаңғырықты кім ұқсын!..Қаңтар - 2016