Соңғы кезде “Үш жүз алпыс екi әулиелi Маңғыстау” деген сөз қайдан шыққан? Сонда Маңғыстауда соншама көп әулие жатыр ма? Ал солай болған күнде, олардың атын атап, түсiн түстеп беретiн адам баласы табыла ма?” деген сұрақ жұртшылық арасында жиi айтылып жүргенiн құлағымыз шалып жүр. Тiптi бұл сөздi кiм болса сол қазбалап, кез-келген отырыстар мен жиындарда әңгiме арқауы етiп, осы топырақта туған азаматтардың кейбiрiн қажағысы келгендей сыңай танытып, түртiнектеп отырғанының да куәсi болдық. Сол себептi бүгiн бiз осы тақырыпқа қалам тербеп, хал-қадерiмiз келгенше ой өрбiткендi жөн көрдiк Және өлке тарихына бейжай қарай алмайтын өрелi азаматтардың осы мәселеге байланысты ой-пiкiрлерiн айтуларын сұраймыз.Басы ашық нәрсе – “қалай десең де, бұл – қатып қалған цифр, оны ешқашан өзгерте алмайсың. Өйткенi Маңғыстауда осыншама әулиенiң жатқаны рас. Оған күдiк-күмәнiңiз болмасын!” деп, “айттым – бiттi, кестiм – үзiлдi” пiкiр айтуға хақымыз жоқ. Бұл – бар болғаны ел аузындағы тiркес, фраза ғана. Сондықтан “Соншама әулиенi бас-басына ұрып, көзiнен тiзгендей көгендеп әкелiп, санамалап шығатын саналы тiршiлiк иесi бар” деп тұжырым жасауға болмайды. Ол мүмкiн де емес!
Дегенмен, бұл жайдан-жай айтыла салған әңгiме де емес. Оны да ескеру керек. Дана халқымыз далбасалап, аузына келгенiн сандалып, айтарға сөз таппай қалған ештеңесi жоқ. Немесе кез келген бос былшылбай, бөстекi әңгiменi жадында жаттап, қадым замандардан берi, қаншама ғасырлар бойы қастерлеп, осы күнге дейiн жеткiзбейдi. Ел санасы – естiгенi мен көргенiн елеп-екшеп, қатаң сын мен қатал талқыдан өткiзiп барып, ең бiр ақиқатқа жақын айбозым сөздердi ғана ұрпақтан ұрпаққа ұластырып, заманнан заманға, қоғамнан қоғамға қаймағын бұзбай, саф тап-таза қалпында сары алтындай сақтап, жеткiзiп отырған. Бiз бiлсек, бұл тiркес Маңғыстау топырағының қасиеттiлiгiн меңзеген халық ықыласын бiлдiретiн, шынайы сезiмге толы шын жүрек түбiнен шым жiбекше ширатылып, сүзiлiп шыққан сөздiң сөлi, мақалдың мәйегi, қанатты сөздiң қаны сорғалаған шындығы секiлдi. Сондықтан бұл жерде тырнақ астынан кiр iздеп, “Сол үш жүз алпыс екi әулиенi жiктеп-жiлiктеп, санап бер!” деп санасыз сұрақ қойып, иә болмаса, “Ендеше, оның – өтiрiк. Үш жүз алпыс екi әулие шын мәнiнде жоқ болса, бұл сөз неге айтылған? Демек, бұл – қызды-қыздымен қымыз iшiп, қымыранға тойып алған әлдебiреудiң желпiнiп отырып, желiгiп айта салған әңгiмесi” деп, жел сөзге ерiк берудiң де қажетi жоқ. Халықтың сенiмi мен нанымын, аруақтар мен әулиелерге деген ыстық ықыласын, қасиет пен киеге деген қалтқысыз көңiлiн қадiрлеп, бағалай бiлген жөн.
Осы орайда бiз осыдан он бiр жылдай бұрын жарыққа шыққан (ал бұл кiтап оның алдында 7 жыл бұрын, 1993 жылы жазылған болатын) “Бекет ата” атты кiтабымыздың “Үш жүз алпыс екi әулиелi Маңғыстау” атты беташар тарауына қайтадан оралып соққанды жөн көрiп отырмыз. (Өйткенi одан бергi уақыт iшiнде сол кездегi ой-тұжырымдарымыз бен көзқарасымыз да көп өзгере қойған жоқ).
“…Маңғыстау сонадайдан тозаңытқан,
Жүрегiн талай ердiң қобалжытқан…”.
Осы бiр ел аузындағы екi ауыз ескi ән жолдарында қасиеттi Маңғыстаудың Қаройын мекендеп жатқан үш жүз алпыс екi әулиенiң аруағы мен сесi атойлап тұрған секiлдi. “Асылы, Маңғыстаудың жер кiндiгi екенi рас болар. Үш жүз алпыс екi әулие бұл өлкенi тектен-тек жерленiп жатқан жоқ. Бiр қасиеттi бiлiп жатыр ғой” деген бұрынғылардың сөздерi бұл күндерi қай-қайсымызды да қасиеттi Маңғыстауға тәу етiп, бас июге мәжбүр етедi.
Талантымен талайды тамсандырған тарлан ақын Уәйiс Қайралапов:
…Бастан кешкен жортуыл, жорықты көп
Айта алмаймын “ер халық қорықты” деп.
Халық аңыз қылады “Маңғыстауда
Үш жүз алпыс әулие болыпты” , –
деп неге толғанып, толқыды дейсiң?!
Қолпаштағанға қолқ ете түспейтiн, қолқалағанда қолына домбыра алмай, шiкiрейiп, шiренiп те қалмайтын Қосымбаев Мэлстiң:
…Қара жер де тiсiн маған қайрасын,
Қасқиғанда иiлмейдi Ай-басым.
Үрiп-үрiп қаламын ба ит болып,
Үш жүз алпыс екi әулие, қайдасың?! – деп аласұрғанының астарында да “айтпай бiл” ақиқат, “iшiң бiлсiн” iлтипат, шыңыраудағы шындық жатыр.
Бiрде “үш жүз алпыс әулие”, ендi бiрде екi саны үстемеленiп, “Үш жүз алпыс екi әулиелi Маңғыстау” делiнiп жүрген халық аузындағы қанатты сөздiң қалай болғанда да, қапысы жоқ. “Аталған санның санатына кiретiн аруақтардың аты-жөнiн алақанға салғандай етiп айқын атап, анық санап шыққан адамдардың арғы-бергi тарихта болғандығы аян” деп болжауымызға негiз де жоқ емес. Бiрақ бүгiнде олардың есiмдерiн жатқа бiлiп, жатқызып-өргiзетiн көмбелi кеуде, көреген кiсi жоқтығы тағы да рас. Қалай екенiн қайдам, бiздiң естiп-бiлгендерiмiз екiншi тiркестiң ақиқаттығына ат байлата бередi. Яғни “Үш жүз алпыс екi әулиелi Маңғыстау” дегенiмiз жөн шығар.
Үш жүз алпыс екi әулие! Неге тек қана үш жүз алпыс екi? Неге бес жүз алпыс екi немесе бес әулие емес?! Неге екенiн қырық бiрiншi перiштемiз Кеңесхан бiлер, бiз бiлсек, мұнда бiр мұхиттай терең сыр бар. Халық қараптан-қарап “Үш жүз алпыс екi әулиелi Маңғыстау” деп айта салмайды. Анық кiмдер екенi белгiсiз, атын атап, түсiн түстеп берер кiсi болмаса да, бұлдыр-бұлдыр бұрынғыдан келiп жеткен бұл сөздердiң астарында астрономиялық ақиқат, жағрапиялық жалпылық, өнерге тән өлшем, әдебиеттiк әдiптеу, математикалық дәлдiк бар. Қазақша айтқанда, қасиет бар!
“Маңғыстау түбегiнде 362 әулие өмiр сүрген” деген сөз рас па? Бұл туралы болжамдарға қалай қарайсыз?” деген сұрақты 1999 жылдың қараша айында 60 жасқа толған тойын атап өту үшiн елге келген сапарында әйгiлi жерлесiмiз Әбiш Кекiлбаевқа қойғанымызда, ол кiсi өзi туып-өскен өңiр – Мырзайыр-Басқұдық жерiнде тұрып, асығыс сапар кезi, атүстi болғандықтан, ойланып-толғанып жатпастан қысқа қайырып, бiзге былай деп жауап берген едi:
“Бұл туралы болжамдарға келер болсақ, “360 әулие” сөзi басы Мекке-Мәдинадан бастап, ар жағы Синай түбегiнен келе жатқан дәстүр – “Құдайдың 360 күнiнiң иесi бар” дегеннен шыққан болуы керек” деп есептеймiн. Алғашында Синайда, оның бергi жағында “Мекке-Мәдинаның жанында 360 әулие жатыр” деген есеп болған. Бiр кездерде әр тайпаның өзiнiң пiрi болған. Сол пiрлердiң барлығы “әулие” деп саналған. Сол дәстүр барлық Орта Азия территориясын мекендеген халықтар сияқты бiздiң Ұлы Тұранға да келiп жеткен болуы керек. Бәлкiм, ол дiннен де бұрынырақ жеткен болуы мүмкiн. Кейiн таза Ислам дiнi келгенде, сол дәстүрдi жалғастырып әкеткен. Бiздiң Ислам дiнiнiң ерекше бiр түрлерi болған. Оның ең ерекше жетiлген түрi – суфизм. Суфизм – Шығыс философиясының ең үлкен тармақтарының бiрi. Осы ағымның жолына түсiп, Түркiстан, Бұхарадан тараған шәкiрттер бұл iлiмдi жер-жерлерге таратқан.
Ал Маңғыстауға келер болсақ, Маңғыстау – сонау пұтқа табынушы, киеге табынушы замандардан бастап үлкен киелi орындар орналасқан жер. Өйткенi Маңғыстаудың осы жатқан ландшафты, жер реңкiнiң өзi осыған итермелейдi. Адам, ежелгi адам өзiнен күштiге, өзiнiң рухы жетер-жетпесiн бiлмейтiн жерлерге табынған. Шындығында да, алғашқы адамдардың ең бiр тоқырасқан, ұштасқан жерi – осы Атырау (Хазар, Каспий – Р.Қ.) теңiзiнiң маңайы. Сондықтан да бұл жерлердегi әулиелердiң көбi – сол алғашқы адамдар заманынан бермен қарай келе жатқан киелi орындар. Соны осы маңайға соққан барлық дiндер өздерiне меншiктеп, әр жерге өздерiнiң әулиелiк белгiлерiн орнатқан. “Маңғыстаудың ойында – 360 әулие” сөзiнiң ар жағындағы ең түпкi маңызы осындай” деп есептеймiн мен. Бiрақ оның бергi жағында осы жердi жайлап жатқан елдердiң барлығы, оның iшiнде бiздiң қазақ халқы да осы өлкенi жаулап алу кезеңiнен бастап өзiнiң көсемдерiн әулие тұтқан. Бұл тұрғыдан келгенде, Маңғыстаудың ойында шындап келгенде 360 емес, мыңдаған әулие жатуы мүмкiн..”.
Бала шағынан болашағына жол салып, елу жылдан астам уақыттан берi ел тарихын зерделеп келе жатқан кемеңгер Кекiлбаевтан асып бiз де ештеңе айта алмаймыз. Десек те, ғұлама жазушының терең бiлiмдi, парасатты пiкiрiне қосыла отырып, ел iшiнде жиi айтылып жүрген “Ертеде бұл жерге сонау Арабиядан мұсылман дiнiн тарату мақсатымен 362 шәкiрт келiп, жерленiптi. “Үш жүз алпыс екi әулиелi Маңғыстау” сөзi содан қалған” деген пiкiр де бар екенiн айта кеткендi жөн көрдiк. Бiрақ арғы тегi сол дiн таратушы қожалардың тұқымы Ахметхан Омар қажы бұл пiкiрге үзiлдi-кесiлдi қарсы болып: “Мекке-Мәдинадан 362 шәкiрт сондай мақсатпен шыққан күннiң өзiнде, барлығы бiрдей бiр жерге келiп, шоғырланып қалып қоюы мүмкiн емес” деген өз ойын айтты. Түбек тарихынан аз-кем хабарымыз бар екенi болмаса, дiн тарихынан анау айтқандай терең сауатымыз болмағандықтан, бiз бұл пiкiрге де төрелiк айта алмаймыз. Қалай десек те, Ресей мен Үндiстанды, Париж бен Пекиндi жалғап жатқан Ұлы Жiбек жолының алтын-күмiс, асыл заттар арқалап шұбырған, текше-текше тең тиеген киелi керуендерiн өз үстiнен өткiзiп жатқан өлкенiң, Исантүбек, Бозашы, Түпқараған атты үш түбектен тұратын бiр түбектiң бұл да бiр – күнi бүгiнге дейiн күрмеуi шешiлмей келе жатқан күрделi түйiндерiнiң бiрi.
“Кiр жуып, кiндiк кескен киелi қазық – атажұртта жақсылығымен жан бiткенге жарқын үлгi болып кеткен атышулы әулиелер арғы-бергiде аз өтпеген” деседi. Ақындардың жүрегiне алапат шабыт, ақтеңiз тасқын әкелген атамекен Маңғыстауда, әйтеуiр, әулиелер әулетi өмiр сүрiп, өсiп-өнiп, өркен жайып, өрбiгенi өтiрiк емес.
У. Қайралаповты қайталап сөйлетсек,
Ойландырып, оятып ой-сананы,
Халық сөзi көңiлге ой салады.
Қазiр де ел бiреудi құрметтесе,
“Ол адам әулие ғой” дей салады”, – дегендей, екiнiң бiрiнiң, елдiң аузында айтылып жүрген “Өлкеден шығып, өнер қуған өрелi азамат Әбiш Кекiлбаев үш жүз алпыс үшiншi әулиемiз болады” деген қалжыңы аралас халық ықыласы, маңдайалды азаматына Маңғыстау елiнiң үлкен сенiм бiлдiрiп, үмiт артуы әсте кездейсоқ емес. Мұның өзi түбек жұрты түгел жатқа бiлетiн “Маңғыстауда үш жүз алпыс екi әулие бар” деген немесе “Маңғыстаудағы әулиелер саны – 360, қырда – Бекет, ойда – Саназармен 362” деген қағиданың қатесiздiгiн айғақтай түседi. Демек, “Үш жүз алпыс әулиелi Маңғыстау” сөзi бертiнде емес, Бекет атаның заманынан да әрiде айтылған әңгiме болуы керек.
“Үш жүз алпыс екi әулиенiң ұзын санының ұшығына шығып, “мынау, мынау” деп бармағын бүгiп, саусақпен санап берерлiк сарабдал көңiл жан жоқ” екенi де ақиқат. Ешкiм олардың ешқайсысын аспандағы айды нұсқағандай ап-айқын етiп айтып бере алмасы хақ. Алайда танымал тарихшы Серiкбол Қондыбевтың: “Халық арасында айтылып жүргендей, түбекте 362 әулие бер екен. Мәселе – олардың дәл санында емес, олардың бар екендiгiнде” деп жазғанындай, әңгiме оларды тiзiп жазып, тiн тартып өргiзуде емес, бар екенiн мойындап, басыңды иiп, бағалауда емес пе?!
Нағыз әулие қайсысы, нақты кiмдер екенiн, бiрнешеуiн ғана атай алғанымыз болмаса, бiз де бiлмеймiз. Әйтеуiр “Үш жүз алпыс екi әулиелi Маңғыстау” дегенде, алдымен аузымызға Шопан ата, Шақпақ ата, Қошқар ата, Қараман ата, Қаңға баба, Кенттi баба, Сұлтан Епе (“Сұлтан Үфi” деп те жазылып жүр), Сисем ата, Масат ата, Сислам ата, Темiр баба, Алтықұлаш әулие, Бекет ата, Бекбаулы ата, Бердалы әулие, Мәтi әулие, Мыңкiсi ата, Асар сұпы, Долан апа, Есенаман, Ұланақ, Қалың Арбат, Данысман, Ақшора-Белтұран, Қыз әулие, Есмәмбет ата, Қалипан, Үштам, Үшқатын қорымдары, Бала әулие, Барақ әулие, Шiлкөз әулие, Жалғызағаш әулие, Құлбарақ, Құсшы, Құрманалы әулие, Әуеталық әулие, т.б. ондаған қасиет иелерiнiң аттары түсерi анық. Үш жүз алпыс екi әулиеге қосыла ма, жоқ па – ол жағын бiз бiлмеймiз (өйткенi, “Үш жүз алпыс екi әулиелi Маңғыстау” деген сөз бұлар өмiр сүрген кезеңнен бұрынырақ туған болуы да ықтимал), бұған ағайынды, тумалас тұлғалар Айназар мен Саназар, Кiпия мен Кiлжан, Несiбек пен Нұрды да қосыңыз. Немесе кереметтiгiнiң кемi жоқ Сәдуақас баба, Айтқұл ата, Есiмқұл есепшiлер ше?! Сондай-ақ кейiн туған, кеше ғана өткен кiсiлер Оразмағанбет ишан, Айдар ишан, Түйте ахун, Нұрнияз ахун, Ержан хазiреттердiң де әулиелiгiнiң кемi жоқ, бұлар да құр адамдар емес. Бұған әлгiнде Әбiш ағамыздың дуалы аузынан шыққан дұғадай сөздегi “..оның бергi жағында осы жердi жайлап жатқан елдердiң барлығы, оның iшiнде бiздiң қазақ халқы да осы өлкенi жаулап алу кезеңiнен бастап өзiнiң көсемдерiн әулие тұтқан..” деген ойына ден қойып, жүздеген қол бастаған көсемдер мен сөз бастаған шешендердi қосатын болсақ, әулиенiң алды мыңнан асып жығылып, әрiге кетуi мүмкiн.
Қазiргi күнi адам жерленген ескi қорымдар мен ата-баба қойымшылықтарының бәрiн халықтың “әулие”, “әулиелiк орын” деп атайтынын ескерсек, сол тұрғыдан қарастыратын болсақ, Маңғыстаудағы әулиелердiң саны үш жүз алпыс екi әулие түгiлi, үш мың әулиеден де асып кетуi кәдiк.
Сондықтан “үш жүз алпыс екi әулиелi Маңғыстау” сөзiне күдiкпен қарап, күмән келтiруге де, “әрбiр әулиенi тiзбелеп, санамалап шығам” деп, өнбейтiн iстi қуудың да керегi жоқ.
Маңғыстау қаншама ғасырлар бойы “үш жүз алпыс екi әулиелi Маңғыстау” деп аталған және солай болып қала бередi де. Ал оның асқақ бағасын түсiрем деп астамшылыққа барып, тыраштанудың керегi жоқ. Одан түк те шықпайды. Сайып келгенде, бұл – сол қасиеттi өлкенi мекендеп, жерленiп отырған жергiлiктi халықты және олардың наным-сенiмiн, көзқарасы мен ата дәстүрiн, салт-санасын сыйламағандық болып шығады. Ал мұндай абыройсыз iстiң ақыры қашанда жарға жығары сөзсiз.
Қалай болғанда да олар (әулиелер) – Құдай берген қасиетiнiң арқасында сiз бен бiзге қарағанда Алла Тағалаға бiр табан жақын тұрған ерекше қасиет иелерi. Оны мойындау керек.
“Бәзбiреулер айтты екен, жағасына жармасты екен” деп, үш жүз алпыс екi әулиелi Маңғыстаудың үрейi мен сұсы, атағы мен айбыны ешқашан аласармақ емес.
Ендеше, мәртебең мәңгiлiк биiк болсын, үш жүз алпыс екi әулиелi, қасиеттi Маңғыстау!!!
Рахат ҚОСБАРМАҚ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесi.