Дәстүрлі түрде өтетін республикалық «Жауқазын» шығармашылық өнер фестивалі Түпқараған ауданында биылғы маусымын 10 мамыр күні ашты. Фестиваль аясында ауданға қарасты балабақшалар мен шағын орталықтарда тәрбиеленуші өнерлі бүлдіршіндер қатысып, бақтарын сынап, сайыстың шарты бойынша «Әнші балапан» эстрадалық жанрында жеке ән орындау, «Би ырғағы» ұжымдық би тобы, «Нұрға бөлену» мәнерлеп оқу сындарынан өтті.
Жауқазын фестивалы болатын күні Түпқараған аудандық мәдениет үйінде қызу да қарбаласқа толы шақ орнайды. Сахнаға шығуға балабақшада таңертеңнен кешке дейін дайындықтан өтіп келген балалар бар өнерін көрермен алдында көрсетіп, өздеріне артылған үмітті ақтауға асығады. Балалардың күлкісі мен киген әдемі костюмдері көз тартады. Баласына жанкүйер болып отырған ата-аналар мен балабақша ұжымынан келген тәрбиешілер көрермен залын толтырып, тақым қысып отырады. Жүректері лүпілдеген бүлдіршіндер тәтті қылығымен, өнерімен сахнаны баурап алады.
Мәнерлеп оқу сайысына түскен балаларға сүйсінбесіңізге болмайды.
Бір емес, бірнеше шумақты ұмытпастан нақышына келтіріп, мәнге салып жатқа айту – бала үшін үлкен ерлік. Туған жер, Отан, рухани жаңғыру тақырыптарындағы өлеңді сезіммен тебіреніп, қатысушылар шебер оқыды. «Би ырғағында» ұжымдық би сайысында барлық бүлдіршіндердің өнерлерінен балабақша ұжымдарының жаңашылдықты, жаңа ойларды, композицияларды іздегендері көрініп тұр.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Маңғыстауда 4167 түлек ҰБТ тапсырадыБарлық өнерін ортаға салып, үкілі үміт арқалап келген әрбір қатысушы жеңістен дәмеленері анық. Бірақ жеңіс болған жерде жеңіліс те бар екені ақиқат. Жүлдеге лайық деп танылғандар арасынан «Әнші балапан» номинациясы бойынша бас жүлдені «Алпамыс» балабақшасының тәрбиеленушісі Кәусар Қалдыбай, 1 орынды «Жауқазын» балабақшасынан Тиыл Түзелбек жеңіп алса, «Би ырғағы» номинациясы бойынша тыңғылықты дайындықпен келіп, би орындалысы жағынан да, әдемі қазақы костюмдерімен де көрерменін қуантқан, «Қан сонарда» биін билеп, саятшының образын алып шыққан «Құлыншақ» балабақша сының бүлдіршіндері бас жүлдеге лайық деп танылса, «Жауқазын» бала бақшасының ұжымы 1 орынды иеленді. «Нұрға бөлену» мәнерлеп оқу сайысында бас жүлде «Балбөбек» балабақшасының тәрбиеленушісі Исмагил Ақниетке бұйырып, «Бәйтерек» балабақшасының тәрбиеленушісі Мырза Әлиханға 1орын берілді. Бұл бүлдіршіндер мен балабақша ұжымдары арасындағы бәсекелестікті оятатын нағыз өнер сайысы болды. Бұл балалардың да, тәрбиешілердің де барлық жұмысы, тәрбиесі, өнерге баули білетін қабілеттері көрінетін жұлдызды сәт болып қала бермек.
Жадыра ЖОЛДАСОВА