Жыл сайын елімізде үлкен мерекелік шаралармен аталып өтетін Астана күні биыл ерекше маусымын өткізуге дайындық үстінде. Астана қаласының 20 жылдық – жігіт жасын мәдениет және өнер қайраткерлері көрермен көңілін асқақтататын саздыдуман кештерімен, мерекелік жобаларымен қарсы алуда. Мамыр айының аяғында елордалық өнерпаздар Ақтау қаласы тұрғындарына керемет өнер туындыларын тарту арқылы көтеріңкі көңіл күй сыйлап, өздерінің үздік театрландырылған қойылымдарын қояды, отандық қыл қалам шеберлерінің озық еңбектерін ұсынады.
Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театрында «Ақ тілекпен, Астана!» тақырыбымен жұмыс істейтін көрмеге 50 қазақстандық суретшінің 100-ге тарта еңбегі шығарылды.
«Жастар» театрының артистері ақтаулықтарды үздік қойылымдарды тамашалауға шақырады. Көрермендер назарына қоюшы-режиссер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбайдың «Қыз Жібек» мюзиклі ұсынылады. Қойылымға Жағалбайлы руынан шыққан Төлеген мен Шектінің қызы Жібек туралы әрі лирикалық, әрі қайғылы хикая арқау болған. Бақталастық, қызғаныш, Жібектің жүрегінен орын алу үшін күрес, жазмыш – ең танымал қазақ фольклорының классикалық сюжеті аталмыш мюзиклдің негізіне алынған. Қойылымды қоюшылар Евгений Брусиловскийдің музыкасын пайдаланады. Оған жаңаша рең береді.
«Жанарымдағы жалғыз әуен» («Зримая песня») қойылымы сахналанады. Музыка тілі – баурап аларлық, шынайы әрі жұмбақ. Соңғы гастрольдік кеште Ақтау қаласының тұрғындары «Асауға тұсау» («Укрощение строптивой») комедиясын тамашалайды.
Елордалық театрдың қойылымы Уильям Шекспирдің мәңгі өлмес шығармасына негізделген. Апалысіңлі – Бьянка мен Катарина. Біріншісі – нәзік қарапайым болса, екіншісі – қыңыр. Екеуі де – кісі қызығарлық қалыңдықтар. Алайда Бьянканың жігіті көп болса, Катаринаға олар жолай алмайды. Тек Петручио ғана... ҚР еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Бекболат Құрманғожаев, Тұңғыш Президент қоры – Елбасы сыйлығының лауреаты Дәурен Серғазин күлкіге толы комедияны көпшілікке ұсынады.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Маңғыстауда мәдениет қызметкерлері күні аталып өттіАқтауда қойылатын мәдени бағдарлама аясында концерттер де өтеді. Соның бірегейі – Абай атындағы мәденидемалыс кешенінде ақтаулықтар көзайымына айналған «ASTANA BALLET GALA» премьерасы. Хореограф, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Тәтидің жетекшілігімен «Тұран» этно-фольклорлы тобының балет әртістері қойған музыкалық композициясы «Арулар», «Ақ қыз», «Қыз қайың», «Әсем қоңыр», хореограф Анна Цойдың жетекшілігімен «Қуанамын», хореограф Дәурен Әбдіровтің жетекшілігімен ұсынылған «Балбырауын» өнер туындылары көрермен көзін ұлттық нақыштағы ашық костюмдермен, әсем табиғат көріністерімен, ең бастысы шебер қимыл-қозғалысқа құрылған бимен жаулап алды. Ұлттық сырлы саз бен үйлесім тапқан әсем балет өнерімен сусындатқан астаналық өнер иелерінің шеберлігіне тәнті болған көрермен ыстық ықыласпен құшырлана қол соқты.
Хореограф Мукарам Авахридің жетекшілігімен көрермен назарына ұсынылған «Chemirani» этно-фольклорлы тобының музыкалық композициясы «Скиф фрескалары», хореограф Рикардо Амарантенің «Diversity» балетін орындаған Риза Қанатқызы, Фархад Буриев, Балжан Нұрпейісова, Марат Әбдірахманов, Айдана Қалмұқанбет, Зино Меркс, Паула Роза Санта, Бауыржан Мекембаев т.б. әртістер классикалық өнердің шынайы үлгісін көрсете алды.
Абай атындағы мәдени-демалыс кешенінде «Астанадан ақ тілек» гала-концерті арқылы ақтаулықтар Астана қаласы әкімдігінің мемлекеттік академиялық филармониясы ұжымының шығармашылығымен танысады. Атап айтқанда, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Айтқали Жайымов жетекшілік ететін Қазақ оркестрі, эстрадалық би, «Шалқыма» халық биі ансамбльдері, эстрадалық, классикалық және халық вокалы солистері өз өнерлерін ортаға салады. Сонымен қатар елге танымал әншілер Клара Төленбаева, «Арт-Домбыра» триосы, Ринат Малцагов, Күләйым Қайырбаева, Айгүл Қосанова, Алмас Кішкенбаев, Тамара Асар т.б. қазақ эстрадасының жұлдыздары өнер көрсетті. Теңіз жағалауындағы Open Air концертте сүйікті әнші-бишілер өнерін тамашалады. Ақтаудағы Астана мәдени күндері Абай атындағы мәдени-демалыс кешенінде «Елордадан елге сәлем!» гала-концертімен аяқталады. Ақтау тұрғындары Қазақ оркестрі музыканттарының, «Шалқыма» халық биі ансамблінің, эстрадалық, халық және классикалық вокал солистерінің өнерін тамашалайтын болады.
Үміт ЖӘЛЕКЕ Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="54705,54701,54703,54704,54702"]