©
ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын жүзеге асыруда еліміздегі қасиетті нысандардың жалпы санын анықтау қажет болды. Ол тым көп болмауы тиіс және Қазақстанның туристік әлеуетін аша алатын, зор резервтер мен мүмкіндіктерге ие тарихи-мәдени ландшафтын ескеру қажет. Осыған байланысты «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын жүзеге асыру жөніндегі жұмыс тобы мен сараптамалық кеңесі құрылып, жұмыстар атқарылды. Сарапшылар кеңесінің ғалымдары мен өлкетанушыларының пікірлері негізінде «Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті орындары» жобасына республика бойынша 100 нысан енгізілді. Оның ішінде Маңғыстау облысынан 15 киелі нысан енді. Олардың қатарында Шопан ата, Шақпақ ата, Масат ата, Қараман ата, Сұлтан үпі орта ғасырлық жерасты мешіттері, Бекет атаның мешіттері, кіші жүздің батырлары, билері мен ру басылары жерленген пантеон - Сисем ата қорымы, «Адай ата – Отпан тау» тарихи-мәдени кешені, ЮНЕСКО-ның алдын-ала есепке алу тізімінде тұрған орта ғасырлық «Қызылқала қалашығы», Форт Шевченко қаласындағы Т.Г.Шевченконың мемориалды кешені, сондай-ақ кіші жүзден шыққан Барақ Сатыбалдыұлы, Балуанияз Мүсірепұлы, Иса Тіленбайұлы және Досан Тәжіұлы батырларымыз бар. Сонымен қатар «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында өңірлік киелі орындарды тізімдеу жұмыстары жүзеге асырылды. Жалпы республика бойынша 500 жергілікті маңызы бар қасиетті орындар жобасы дайындалған. Бұл тізімге Маңғыстау облысы бойынша жергілікті маңызы бар 28 киелі нысан енгізілді. Олардың қатарында Ман ата, Қаңға баба жеріндегі Мақтым баба, Есен ата, Қошқар ата, Темір баба, Хатам (Сейіт) ишан, Күйеу там, Оғыланды ата, Есмәмбет әулие, Тобықтыдағы Бекет ата мешіті, Кенті баба, Ержан хазрет, Бейнеу ауданындағы Қыз әулие, сынықшы Қыдырша ата, Бекбаулы ата тәрізді киелі орындарымыз, Шопан ата қорымына жақын қола дәуірінің Ұлыкіндікті діни-қабірлеу кешені, Ақбота Бектұрлыұлы Көркембай ахун мешіті, атақты сынықшы-емсек, шамамен 1793-1838 жылдар аралығында өмір сүрген Мыңкісі Байсалұлы (Бөкен немересі), табиғи ландшафты орындар ретінде Үстірттегі Бозжыра тауы, Қаратау бөктеріндегі Ақмыш оазисі жерінде орналасқан Шерқала тауы, Самал сайы және Айрақтыдағы таңбалар, Қараған түбектегі Тамшалы, Саура сайлары бар. Сондай-ақ 19-20 ғасырлардағы қазақ ауыз әдебиетінің ең жарқын өкілдерінің бірі, Қашаған жырау мен Нұрым жыраулардан Қырымның қырық батыры эпопеясын үйреніп, біздің заманымызға дейін жетіп, қағаз бетіне түсуіне септігін тигізген қайраткер, Мұрын-Тілеген Сеңгірбекұлының (1859-1954 ж.) тұрған үйі, ұстаханасы, тарихи тұлғаларға қатысты қасиетті орындар қатарында маңғыстаулық беріш (Қаратоқай) руынан шыққан Құлбарақ батыр әулие (1790-1832 жж.), Маңғыстау түбегіне алғаш жерленген адай баласы Бердалы Отарұлы (1727-1770 жж.), заманында бүкіл Маңғыстау өңірінің, қалың Адай елінің көреген көсемі, сөз ұстаған шешені атанған Айтқұлұлы Атағозы батыр (1704-1794 жж.) жерленген қорымдар да бар. Алдағы уақытта киелі нысандар Қазақстан Республикасының 1992 жылғы 2 шілдедегі «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» заңы аясында қорғалатын болады. Киелі орындарымызды кеңінен насихаттау мақсатында танымдық мақалалар легі жалғасатын болады. Бүгін Бейнеу ауданындағы «Қыз әулие» өңірлік маңызы бар киелі орыны туралы мәліметтерді назарларыңызға ұсынамыз. Бейнеу ауданындағы Есет ауылының 7 шақырымдай терістік шығыс бағытында орналасқан қорымның «Қыз әулие» аталуына байланысты ел аузында бірнеше әңгіме, деректер бар. 1908 жылы Қамысбай аулының адамдары жаз жайлауынан қыстауға көшіп келе жатқанда Есет тауы маңында Малика есімді 15 жасар қыз бала қайтыс болған. Сол кездері оның көтеріліп ауырып, әруақ қысып жүрген кезі екен. Қызды сол жерде арулап көміп, әкесі жергілікті Адайдың Қараш руының үлкендеріне белгі тас қоюы үшін шеберлердің қол ақысы ретінде бірнеше малын тастап кетеді. Олар ауылдарына шеберлер келген уақытта қыз баланың қабірінің басына құлпытас пен сандықтас орнаттырады. Ұлты татар болып келетін шебер құлпытасқа қыздың аты-жөнін жазып, сандықтасқа қыздарға қажетті түрлі әшекей бұйымдарын бейнелеп бедерлеген. Бұл жерге 2008 жылы Қамысбай ұрпақтары кесене орнатқан. «Қыз әулиенің» қасиеті туралы көрші Боранқұл ауылындағы Сәнеш апайдың әңгімесі: «Бір күні түсіме жас қыз еніп, маған өзі жатқан жердің қасына түнек салу туралы аян берді. Балаларыма айттым, бірақ олар қолдамады. Сөйтіп жүргенде түсіме тағы кірді. Мен ешқандай әрекет жасамай жүре бергенмін, бір күні аяқ астынан көзім көрмей қалды. Содан осы «Қыз әулиенің» басына келіп, құран оқып, түнедім. Түсіме тағы кірді, бұл жолы риза кейіпте көрдім. Сыңғырлаған дауысы құлағыма келді. Оянғанда екі жанарым бұрынғыдай жарқырап, айналамды түгел көрдім. Адам сенгісіз жағдай, әрі қуандым, әрі қатты қорықтым. Осыдан кейін балаларым қолдап, осы түнеухананы салдым». ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Сарбаздар мемлекеттік шекараны күзетуге аттанды Тағы бір дерек,осы жердің тұрғыны Жұмазия апайдың айтуынша баласы ауырып, дәрігерлерден ем болмай қиналады. Адамдар осы жерге түнеп, әулиеден медет тілеуге кеңес берген. Үш күн сол жерде түнеп, әулиенің рухымен құдайдан тілек тілейді. Үшінші күн дегенде таңда Жұмазия апайдың құлағына: «Көмектесемін, көмектесемін» деген қыздың әдемі дауысы құлаққа келеді. Оянып кеткен ол бұның аян екенін түсінеді. Уақыт өте күннен-күнге баласының денсаулығы жақсара бастайды, кейін сырқатынан құлан-таза сауығып кеткен. Қыз әулие жерінің қандай да бір қасиеті барына келушілер сенеді. Олардың арасында осы жерге келіп, сырқатынан айығып кеткендер туралы әңгімелер өте көп. Бұл киелі орын жанында емдік-шипалы балшығы бар ыстық сулы бұлағы орналасқан. Адамдар бұл киелі орынға зияраттап келгенде бұлақ суына шомылып, емдік қасиетін пайдаланады. Мұнда көрші Атырау, Ақтөбе облыстарынан, Ресейдің шекаралас аймақтарынан еміне шипа іздеген адамдар арнайы келеді. Мақаланы дайындауда Бейнеу аудандық мұражайының деректері пайдаланылды.Нұрсәуле ДАУЫМШАРОВА, Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығының маманы