©
1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай Түпқараған ауданының әкімі Темірбек Тиылұлы Асауов жылдағы дәстүр бойынша ауданымызда өмір сүріп жатырған өзге ұлт өкілдерін қабылдады. Қоғамдық келісім үйінде өткен мерекелік қабылдауға ауданымыздағы татар, неміс, орыс, түркмен, ұйғыр ұлтының өкілдеріне мерекелік дастархан жайылып, сый-құрмет көрсетілді. Басқосуға аудан әкімінің орынбасары Талғат Алтынғалиұлы, аудандық мәслихат хатшысы Айкүміс Сәрсенғалиқызы, «Нұр Отан» партиясы Түпқараған аудандық филиалының бірінші орынбасары Демеген Садықов, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Түпқараған аудандық филиалының төрағасы Аман Күзембаев, Түпқараған аудандық Азаматтық бастама қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлсім Рамашева қатынасып, бүгінгі мерекеге орай өздерінің ыстық лебіздері мен мерекелік құттықтауларын жеткізді.
Бүгінде бірі қазаққа тұрмысқа шығып, бірі қазақтан келін алып, бірі қызын беріп отырған ауданымыздағы өзге ұлт өкілдері өздерін өгейлемей, өксітпеген қазақ халқына дән риза. Құдандалы ағайынға айналған бұл ұлттардың өкілдері қазақша сөйлесуде бір қазақтан кем түспейді. Жиында сөз алған 11 сынып оқушысы, татар ұлтының өкілі, былтырғы облыстық тіл байқауының жүлдегері Роберт Харисов өлең оқып, көпизашылығын алды.
Қиындықта қолтықтарынан демеп, қуаныштарында бірге қуана білген қазақ жерінде әр таңы бейбіт атқаны үшін шүкір етіп, болашақтың жарқын болғанын тілейді.
Зубайда Жұбаназарова, татар, 81 жастағы тыл ардагері.
14 наурызда 1935 жылы Астрахань қаласында дүниеге келген.19 жасында Форт-Шевченко қаласының азаматына тұрмысқа шығып, 9 құрсақ көтерген. Әр түрлі қызметте 35 жыл жұмыс жасаған. Бүгінде тыл ардагерінің 40 немере, 23 шөбересі бар.
- Соғысты да, жоқшылық пен түрлі қиындықтарды көрдік. Өзім осындай ағаларыңызға тұрмысқа шығып, бала сүйіп ұлымды ұяға, қыздарымды құтты орындарына қондырдым. Енді сол балаларымыздың тілеуін тілеп, бейбітшіліктің бәсін білсе екен деймін. Еліміз тыныш, жұртымыз аман, өскелең ұрпақ біз көрген соғыс пен жоқшылықтың жайын қайта тартпаса екен, - дейді көзіне жас алған ақ жаулықты ана.
Заболоцкая Валентина Алексеевна, неміс, 73 жастағы зейнеткер.
1943 жылы 7 қыркүйекте Атырау облысы Ганюшкин селосында дүниеге келген. 1961 жылы СМУ мекемесінде аспазшы болып жұмыс жасайды. 1964 жылы қазіргі аудан орталығы Форт-Шевченко қаласының денсаулық сақтау саласындағы тарихында дүрлеген тері аурулары ауруханасында аспазшы болып қызмет атқарған.
- Бүгінгі 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнінде баршаңызды мерекемен құттықтаймын! Тәуелсіздіктің 25 жылдығы да жақындап келе жатырғаны белгілі, бүгінгі мейрам сол айтулы мерекелер бастамасы. Елімнің дамуын, гүлденуін тілеймін! Ең бастысы аспанымыз ашық, бейбіт өмір сүрейік, - дейді неміс ұлтының өкілі Валентина Алексеевна.
Мендалиева Роза Кубекеевна, қазақ, 80 жастағы зейнеткер.
1936 жылы 10 қаңтарда Форт-Шевченко қаласында туылған.Киров мектебінің 10 сыныбын аяқтаған соң, Алма-Ата қаласында 1958-1959 жылдар арасында Ревизор мамандығын оқыған. 1960-1962 жылдары Ақтөбе қаласында техникум оқыған. 1954 жылы рыбкопта есепшінің көмекшісі, содан кейін бухгалтер болып қызмет істеген. 1992 жылдан бері зейнетте.
-Аман болайық, Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын да тойлаймыз, алдағы атқарылуы тиіс жоспарларымыз орындалып, елбасымыз аман болсын! Еліміз аман болсын, достығымыз жараса берсін, - дейді ақ жаулықты ана.
Ынтымақ пен бірлікті ту еткен атаулы күн ауданның орталығындағы спорт кешенінде спорттық шаралармен ұштасып, аудандық мәдениет үйінде салтанатты жиынмен жалғасын тапты. Салтанатты шараға қатынасқан аудан әкімі Президент жарлығы бойынша алтын, күміс алқа алған аналарды марапаттап, ауданның білім саласындағы мектеп, балабақша ұжымдарының әр ұлт мәдениетін көрсететін арнайы концерттік ән-би нөмірлерін тамашалады.
Милана ЕЛЕУСІНОВА