Ақтаудағы Нұрмұхан Жантөрин атындағы театрда жаңа шығарманың тұсауы кесіліп, «Құнанбай мен Абай» пьесасының премьерасы өтті.
Абай жылының қорытындысы есепті, 30 желтоқсанда Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, белгілі ақын Есенғали Раушановтың аталмыш пьесасы бойынша режиссер Гүлсина Мерғалиева сахналаған музыкалық драманы көрермен назарына ұсынды.
Спектакльде М.Өскінбаев атындағы Маңғыстау облыстық филармониясының Бердіғали Қуанышұлының жетекшілігімен «Ақшағыл» этно-фольклорлық ансамблінің әуендері қолданылды. Сонымен қатар, «Тәрбия» сән үйі демеушілік көрсетіп, Аяпберген Шынарай спектакль костюмдерін жасауда зор үлес қосқан.
Қойылымда ұлт ұстазы Абайдың рухани қазынасының заман мен уақыт төрелігіне бағынбайтын өзекті, өміршең мұрасы - поэзиясы, әндері мен ғақлиялары орындалып, жандары үйлесім тапқан әке мен бала о дүние төрінен көрерменге сыр шертіп, парасатты ой-тұжырымдарымен бөлісті.
Премьераны бір сағаттан аса уақыт бойы демін ішіне тарта отырып тамашалаған көрермен қойылым соңында өнерпаз ұжымның жаңа жұмысына тік тұрып қошемет көрсетіп, толассыз ұзақ қол соғу арқылы ризашылық білдірді. Бір қуанарлығы көрермен қауымның басым көпшілігі жастар!
Рөлдерді орындағандар: Құнанбай - Медғат Өмірәлиев, Абай - Сүндет Сәрсен, Зере - Майра Бақбердиева, Ұлжан - Сағадат Сейтқожаева, Тоғжан - Ұлдана Құдайбергенова.
Авторы - Есенғали Раушанов.
Режиссері - Гүлсина Мерғалиева.
Суретшісі - Нысан Қаниев.
Костюм суретшісі - Мәдина Қосмағанбетова.
Хореограф - Серік Сариев.
Хормейстер - Айман Берікбаева.
Концертмейстер - Ғалия Сылан.
Вокал - Шолпан Берікбаева.
Музыкасы - Қайрат Ақтаев.
Режиссердің ассистенті - Әлия Исаева.
Премьера туралы кеңірек пікірімізді «Маңғыстау» газетінің 2021 жылғы таяу сандарының беттерінен оқи аласыздар.
Үміт ЖӘЛЕКЕ
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН