Өткен жұмада Маңғыстауда Парламент Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің ҚР соттарын жаңғырту туралы батыс өңірі бойынша көшпелі отырыс өтті. Аталған іс-шара ҚР Парламенті Мәжілісі Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті және Жоғары Сот тарапынан ұйымдастырылды. Көшпелі отырысқа ҚР Парламенті Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті және «Нұр Отан» партиясы жанындағы Құқықтық кеңес төрағасы Н.Әбдіров қатысып, жетекшілік етті. Сондай-ақ басқосуға Мәжіліс депутаттары, ҚР Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы М.Таймерденов, Жоғарғы Сот жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің басшысы Н.Ахметзакиров, Маңғыстау облысы әкімі орынбасары Ә.Қыстаубаев, сондай-ақ ББҚҚ ұйымның өкілдері, М.В.Ломоносов атынағы Мәскеу мемлекеттік университетінің доценті Кичик Кузьма, мемлекеттік органдар мен құқық қорғау органдарының басшылары, нотаруистар, сот орындаушылар, саяси париялар мен ҮЕҰ өкілдері атсалысты. Келелі отырыста ең алдымен Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ә.Қыраубаев сөз сөйлеп, маңызы зор мәселелер сараланатын жиын жұмысына сәттілік тіледі. «Елбасы ел дамуының 2020 жылға дейінгі стратегиялық бағдарламасында бірқатар маңызды тапсырмалар жүктеді. Соның ішінде тиімді сот жүйесін қалыптастыру басты фактор болып табылады. Соңғы жылдары елімізде Тұңғыш Президентіміз бекіткен Ұлт жоспарын жүзеге асыру барысында сот жүйесінде түбегейлі өзгерістер орын алып жатыр. Маңызды көреткіштер қатарына сот әділдігінің үш буынды жүйеге ауысуы әрі жаңа азаматтық-процессуалдық Кодекстің іске асуын атауға болады. Сондай-ақ электронды сот істері, қылмыстық процесті ізгілендіру, азаматтардың сот әділеттігіне қолжетімділігі, «Түнгі сот» пилоттық жобасы, отбасы соты, сотқа дейінгі татуластыру рәсімдері секілді жаңашылдықтар енгізілді. Әділ сот жүйесі заманауи демократиялық мемлекеттің фундаментальды тірегі екендігі баршаға мәлім. Сол себепті соттарға сенім деңгейін арттыру аса маңызды», - деді Ә.Қыраубаев. М.Таймерденов әділ сот төрелігі – экономика өсімінің негізі және халық әл-ауқатын көтеруде басты фактор екендігін тілге тиек етті. Оның сөзіне сүйенсек, құқықтық секторды жаңғырту үрдістері халық үшін қолжетімді сот жүйесін құруға оң ықпал етуде. Мәселен, бүгінгі таңда азаматтық істердің 70 пайызы бір сот отырысында, 15 пайызы екі сот отырысында, ал 20 пайызы жеңілдетілген іс жүргізу тәртібінде қаралады. Сондай-ақ электронды сот ісін жүргізу үрдісі жетіле түсті. Бүгінгі таңда өтінімдердің 90 пайызы электронды түрде жолданады екен. «Десекте, халық үшін ең басты орында жеделдік не жоғары рейтинг емес, әділдік қағидаты тұрмақ. Түйіткілді мәселе түйінін тарқатуға тырысамыз. Әділ сот жүйесі үстемдік етуіне не кедергі? Осы сауал зерттелуі шарт. Деректер мен дәйектерге сүйене мәселе өзегіне үңілсек, байыппен саралап, нақты шешім қабылдасақ. Сол себепті де сот жүйесін дамыту әрі жетілдіру бойынша басты іс-әрекет алгоритмі ойлап табылды», - дейді ҚР Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы М.Таймерденов. Отырыста сот жүйесіндегі өте өзекті сот жүктемесін оңтайландыру мәселесі бас көтерді. Деректерге жүгінсек, 2017 жылы 2.6 млн. іс, ал былтыр екі есеге жуық яғни 4.5 млн. іс сотта қаралған. «Елбасы өз Жолдауында судьялар алдына нақты үш міндет қойды. Сот жұмысының заман талабына сай форматын, озық электронды сервисті енгізуді, сот жүйесінің сапалы дамуын және кадрларының жаңаруын қамтамасыз етіп, үздік заңгерлер судья болуға ұмтылатындай жағдай жасау керектігіне аса мән берді. Сондай-ақ бизнес пен мемлекеттік құрылымдар арасындағы сот арқылы шешілетін дау-дамайды қарау кезінде түсінікті әрі болжамды сот тәжірибесі керектігін, сондай-ақ судьяларға заңсыз ықпал ету мүмкіндіктерін жою қажеттігін айтты. Жоғарыда аталған тапсырмалар орындалысы барысында 80 пайыз мәселе өз шешімін табады. Жалпы күні бүгінге дейін сот әділдігіне халық сенімін арттыру, ескі жүйені жаңғырту мақсатында 15 заң жобасы әзірленді. Мәселен, халық азаматтық сот отырысына “Мобильді сот” арнайы қосымшасы арқылы қашықтықтан қосылу мүмкіндігіне ие болды. Мұндай жаңа форматтағы сот жобасы жүйелі жүзеге асады», - деді М.Таймерденов. Сондай-ақ басқосуда ҚР Азаматтық-процессуалды Кодексіне енген сот рәсімдерін оңтайландыру, сот процесін жеделдетуді көздеген түзетулер мен өзгертулер қызу талқыға түсті. Судьялардың кәсіби дағдыларын жетілдіру нәтижесінде обьективті және байыпты сот ісін жүргізу, конституциялық тәртіппен сот төрелігін әділ жүзеге асыру бойынша мәселелер де сөз болды. Заман талабына сай жаңа технология тетіктерін іске қосу нәтижесінде жалпы сот жүйесінің жаңа болмыс-бейнесін қалыптастыру маңызы сараланды. Отырыс барысында «Нұр Отан» партиясы жанындағы Құқықтық кеңесінің мүшесі Әсел Жанәбілова алдын ала сот төрелігі арқылы азаматтық дауларды соттан тыс шешудің тиімді тетігін қалыптастыру жөнінде баяндама жасады. Сот жүктемесін оңтайландыру үшін нотариалдық қызметтің құзыретін кеңейте түсу маңыздылығы жан-жақты сөз болды. Сондай-ақ ол азаматтық істердің белгілі бір бөлігі нотаруис қарауына жолдануы сот жұмысындағы жүктемені жеңілдетуге бағытталған басты жобаның бірі екендігіне тоқталды. Осы бағытта ҚР Әділет министрлігінің Тіркеу қызметі және заң қызметін ұйымдастыру департаменті директоры Б.Атағазиева ҚР заңнамасындағы заң көмегі, сот актілерін орындау және әкімшілік рәсімдер саласындағы соңғы өзгерістер туралы танымды баяндама оқып, ой-пікірімен бөлісті. Сонымен қоса, келелі кеңесте Маңғыстау облыстық сотының төрағасы Ержан Дәулиев әлеуметтік -экономикалық жаңғыру үрдісінде сот жүйесін жаңғыртудың маңызы мен соттағы іс жүргізуді жетілдіру аясында заңнамалық жаңашылдықтарды тәжірибе жүзінде іске асырудың мәніне тоқталды. «Сот отырыстарында аудио және бейне тіркеу жүйесін қолдану әрі онлайн режімде сот ісін жүргізу әдістері жалпы сот үрдісін жетілдіруде жоғары рөл ойнады. Мәселен, Маңғыстау өңірінде «Виртуалды сот» жобасын енгізу нәтижесінде 1070 іс онлайн режімде қаралды. Сондай-ақ татуластыру рәсімдері сот ісін жеңілдете түсті. 2018 жылдың мамыр айынан күні бүгінге дейін 2307 дау татуласу рәсімдері мен бітімгершілік келісімдерін бекіту арқылы аяқталды. Соның ішінде бітімгер-судьяның араласуымен 943 даулы іс шешімін тапты», - деді Е.Дәулиев. Сондай-ақ көшпелі отырыста БҚҚҰ өкілі Мейрамгүл Әлібекова кәмелетке толмаған балалардың қатысуымен өтетін сот үрдісінде қамқоршылық және қорғаншылық органдар өкілдерінің құзыреттілігін арттыру бойынша бірқатар ұсыныстарды ортаға тастады. «Кәмелетке толмаған балалардың құқығын қорғауды қамтамасыз ету өте маңызды мәселе. Әсіресе құқық тәртібін бұзуға бейім баламен арнайы психолог мамандар жұмыс жасауы тиіс. Бұл балалар арасындағы қылмыстың алдын алуға септеседі», - деп атап өтті ол. Сонымен қоса, келелі отырыста Кичик Кузьма Ресей Федерациясының сот жүйесі дамуының заманауи үрдістері жөнінде, Серік Қазібекұлы алқабилер институтын және тергеу судьялардың қызметін одан әр жетілдір бойынша баяндама жасады. Ал ҚР Жоғарғы Соты мамандандырылған сот алқасының судьясы Денис Алексеевич ҚР Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексінің жобасы бойынша салмақты ұсыныстарын көпшілік талқысына салды. Салмақты мәселе – судьяның тәуелсіздігінің қағидаты және қылмыстық іс бойынша басты сот талқылауының жалпы шарттары назардан тыс қалған жоқ. Бұл жөнінде «Нұр Отан» партиясы жанындағы Құқықтық кеңес мүшесі, «Астана» халықаралық университетінің Жоғары құқық мектебінің профессорыМарат Шекішұлы жан-жақты талқылау ұйымдастырды. Көшпелі отырыста ҚР сот жүйесін жаңғырту әрі жаңарту үрдісін жоспарға сәйкес үздіксіз іске асыруда қажет барлық тетіктер қарастырылып, салмақты ой-пікірлер айтылды. Кеңес өңірлік құқықтық жүйе қызметкерлеріне теңдесіз тәжірибе алмасу алаңына айналды.
Голрох ЖЕМЕНЕЙ СуреТтерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="82140,82138,82141,82139,82143,82142,82144"]